USD
USD
USD

Талғат Қалиев: «Халық бұрынғы партияларға сенбей, жаңа партияларға дауыс беруі мүмкін»

Саясаткер Талғат Қалиев жаңадан жасақталатын Парламентте бірмандатты округтерден сайланған депутаттардың үні жиі естіліп, олар халықтың мәселесін кеңінен көтереді деген ойда. Ал осыған дейін Парламент құрамына кірген кей партиялар бұл жолы халық қолдануынан шет қалуы бек мүмкін. Алдағы маңызды саяси науқан жайлы өз ойларымен саясаткер бізге берген сұхбатында бөлісті.

Талғат Қалиев: «Халық бұрынғы партияларға сенбей, жаңа партияларға дауыс беруі мүмкін»
Фото: NEGE.kz

– Талғат Бегімұлы , бізде көппартиялы Парламент болуы мүмкін бе?

– Әрине, көппартиялы Парламент болады. Парламентке тек партиялар ғана емес, партиядан басқа бірмандатты округтен келген деупутаттар да өтеді. Сондықтан ең кем дегенде Парламентте үш-төрт партия болады деп ойлаймын. Олардың арасында бірталай пікірталас пайда болады. Өйткені бірмандатты депуттар көптеген өткір сауалдарды көтеретін болады. Олар халықпен тікелей қарым-қатынаста болғандықтан, халықтың мәселесін айтуға тырысады. Ондай мәселелерді көтерген соң, мінберден тек қана солар сөйлейтін болады немесе басқа депутаттар да оларға еліктеп, сәйкес болуға тырысады. Пікір-талас қызады. Жалпы жарты жылдың ішінде Парламент мүлде өзгеріп, басқаша сөйлейтін болады.

– Қазір онсыз да үш партияны көріп жүрміз ғой. Сонда басқа партияларға жол жоқ па?

– Ол партиялардың кейбірі ауысуы мүмкін. Тіпті Парламенттен шығып қалуы да ғажап емес. Өйткені олар бірталай жыл Мәжілісте отырып, еш қажеттілігін көрсеткен жоқ. Сондықтан халық оларды ауыстырып тастауы мүмкін. Олар Парламенттен шығып қалса, кейін жұмыс істей ала ма, жоқ па, шынайы мүмкіндіктерін сол кезде көрсетеді деп ойлаймын.

– Жаңадан қосылып жатқан партиялардың беталысы туралы не айтар едіңіз?

– Жаңадан шыққан партиялардың мүмкіншіліктері бар. Мәселен, халық бұрынғы партияларға сенбей, сол жаңа партияларды көрейік деп, дауыс беріп қалуы мүмкін. Бірақ әзірше бағдарламаларын оқығанда ерекшеліктері көрінбейді. Мүмкін үгіт-насихат басталғанда өздерін көрсетер. Олар халыққа баруы керек, халықпен тікелей жұмыс істеп үйренулері керек. Өйткені бұрынғы партияларлардың, AMANAT-тан басқасының халықпен кездескенін көрген жоқпын. Аймақтарға, түпкір-түпкірдегі ауылдарға барып, тікелей жұмыс істеу қажет. Ол партиялардың Мәжілісте отырғанда көтеретін сұрақтары да салмақты емес еді. Ал қарапайым халыққа не керек? Жол керек, мектепті жөндеу керек. Бізде 30 жыл жөнделмеген мектептер бар. Олардың бірде-бірін партиялар көтерген жоқ. Халыққа тағы емхана керек, көп жерде дәрігер болмайды. 60-100 шақырым жерде аурухана болмаса, босанып жатқан  әйелді алысқа апару керек. Оның үстіне жолдар тазаланбайды. Қыста Солтүстік, Шығыс Қазақстанда талай жолдарды қар алып кетеді, олар 3-4 күн тазаланбайды. Біреуде аппендицит, біреуі босанып жатса, оларды қалай жеткізеді? Трактормен апара ма? Осы сияқты мәселелерді депутаттар үнемі көтеруі керек. Өйткені адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін қызмет етуі керек.

– Бүгінгі таңда кей сайлаушылар басқа сайлау округтерінің атынан саяси додаға түсіп жатқан кандидаттарды қолдап шығып жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс қадам?

– Сол үшін біздің сайлаушылар бір ерекше мәдениетке үйренуі керек. Ең бастысы – өзінің округынан түсіп жатқан үміткерлердің аты-жөнін, солардың бағдарламаларын зерттеп, айырмашылықтарын біліп, кездесулерге барып, сұрақ қойып, тапсырма берген дұрыс. Мәжіліске не мәслихатқа өтсең, мынандай сұрақтарды шеше аласың ба? Уәде бересің бе, – деп тікелей сұрау керек. Өйткені болашақта депутаттық қызметте жүріп, халықтың сенімін ақтамай жатқандарды қайта шақыртып алуға болады. Сайланған азаматтар жергілікті тұрғындармен жұмыс істейді. Ендеше әр кандидат өз округын зерттеп, өз округымен айналуысуы керек. Алматының депутаты немесе басқа ауданның, облыстың депутаты бір қалада тұрып, басқа округтің тапсырмаларын шешпейді. Өйткені, олардың өз тапсырмалары, мақсаттары бар.

– VIII шақырылым депутаттарының алдында қандай міндеттер тұр? Олар не істеуі керек?

– Ең бастысы, жаңадан жұмыс істеп үйренулері керек. Өте күрделі геосаяси жағдайда, Қытай мен Американың бір жағынан, екіншіден, Ресей мен Батыстың қақтығысында біз тәуелсіздігімізді сақтау керекпіз, тұрақтылығымызды қамтамасыз ету міндеті тұр. Сонымен қатар, қиын жағдайда дамып үйрену керек. Елді дамыту дегеніміз – жаңа заңдар қабылдау. Болашаққа еркін қарап үйрену керекпіз. Біз көбінесе біреуге қарайлап келдік. Ресейдің қасында боламыз ба, Түркияға қосыламыз ба, Қытай не дейді деп бәрінің қабағына қарап үйренгенбіз. Қазіргі жағдайда бізге еркін ойлап, болашаққа қарап үйрену қажет. Ол үшін бізде ерекше заңдар болуы керек. Қазір көріп отырсыздар, Ресей батыспен келіспесе де, біз батыспен қарым-қатынасты жалғастырып келеміз. Біз болашақта да солай өзімізді еркін ұстап, тәуелсіздігімізді сыйлауымыз керек. Бірақ жаңа технология өндіретіндей, қоғамда керемет бәсекелестікті дамытатындай заңдар қабылдау қажет.

– Елімізде қолға алынған саяси реформалар туралы не айтасыз?

– Қазір еліміз қайтадан сайлауға қатысып үйреніп жүр. Өйткені отыз жыл бойы саяси процестердің консервациясы болды. Алдымен ауыл әкімдерін сайлай бастадық. Былтыр референдум өтті, Президент сайлауы өтті. Солардың бәрінде халық аз-аздап сайлауға үйреніп келе жатыр. Қазір бірталай сын айтқан азаматтардың бәрі Мәжіліс депутатына үміткер болып тіркеліп жатыр. Халық та, сыншылар да – барлығы сайлауға сенім көрсетіп жатыр деп ойлаймын. Ол үлкен көрсеткіш. Біреуге біздің реформалар тез жүріп жатуы мүмкін, енді біреуін мүлде қанағаттандырамуы мүмкін. Бірақ саяси процесті тұрақты дүние ретінде сараптауға болмайды. Оның динамикасын қарайды. Ал динамикасына қарасақ, үш жылдың ішінде бірталай өзгеріс орын алды. Жоспарда талай өзгерістер бар. Сондықтан біз демократиялық елдердің қатарына қосыламыз деп ойламын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Қазір оқып жатыр

Тимур Турлов FIDE президентінің орынбасары лауазымына кандидатурасын ұсынбақ

Тимур Турлов

ШҚО тұрғындарын өзен суының түсі алаңдатып отыр

өзен

Hyundai, Kia және Geely сатылымы құлдырады: қытайлық көліктерге сұраныс артты

Changan

Алматы әкімдігі «Family Park-тің орнына тұрғын үй кешені салынады» деген сыбысқа жауап берді

Family Park