18 Тамыз 15:01
...

Талғарлық спортшы балалар атақты ағаларымен кездесті

Фото:

Жастарды қолдаудың, спортқа бейімдеудің сан түрі бар. Жуырда Талғар қаласында осындай бір игі іс-шара өтті. Жиынға қатысқан танымал спортшылар жасөспірімдердің талабына разы болып, батасын берді.

Алматы, NEGE. «Спорт  күні» деп аталатын мерекені Талғар ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Оған Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау білдірген. Ауданның жасөспірім спортшылары әлемге әйгілі спорт жұлдыздарымен осы жиында кездесті.

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырышысы, бокстан Қазақстан құрамасын баптаған  Тұрсынғали Еділов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбыраймов, Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев және өзге де танымал тұлғалар спортқа бейім жастардың өнеріне қол соғып, олардың ертеңіне сәт-сапар тіледі.

Қонақтар аудандағы көптеген спорт түрлері бойынша өткізілген жарыстарға куә болды. Өз пікірлерін айтты, дарынды балаларға батасын берді.

Спорт тарландарының назарын аударған жас бапкердің бірі – Жамшид Рашидұлы. Тхэквондомен 12 жасынан айналысқан ол 14 жылдан кейін ғана бапкер дәрежесін иеленген. Бес жыл ішінде 9 Қазақстан чемпионын жаттықтырған, 7 халықаралық дәрежедегі чемпионды дайындап шығарған. Қазір 150-ге жуық шәкірттерді тхэквондо өнеріне баулып келеді.

Жамшид Рашидұлы мен шәкірті Асылхан Өкен

Жас бапкердің пікірінше, әлемге танылған отандық спортшылардың жастармен кездесуі үлкен маңызға ие. Өйткені қаршадай балалар алдындағы ағаларын көріп, қанатын қомдайды.

Тегтер: