Талғардағы кісі өлтіру және бала ұрлау ісі: басты айыпталушы 25 жылға сотталды
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Талғардағы резонансты іс бойынша үкім шықты.
Астана, NEGE. Барлығы үш адам сотталды, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды Kazinform.
Негізгі күдікті Еламан Айғазинов 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 12 бап бойынша айып тағылды, оның ішінде адам өлтіру, зорлау, адам ұрлау және қару сақтау баптары бар. Ал кәмелетке толмаған екі айыпталушының әрқайсысына 9 жылдан жаза тағайындалды. Олар «Адамдар тобы болып жасаған адам өлтіру» және «Кәмелетке толмағанды тарту арқылы адам ұрлау» баптары бойынша кінәлі деп танылды. Үш сотталушы да жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, қаза тапқан адамның отбасының азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылған: басты айыпталушыдан марқұмның анасы, жұбайы және қарындасының пайдасына 10 миллион теңгеден, жалпы 30 миллион теңге өндіріп алынады. Ал кәмелетке толмаған екі сотталғанның әрқайсысынан үш жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңгеден (жалпы 15 миллион теңге) өндірілмек.
«Жәбірленуші тарап басты айыпталушы үшін бұл үкімді тым жеңіл деп санайды. Біз оған апелляциялық тәртіпте шағымданамыз», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палманов.
Сот процесі Қаскелеңде жабық режимде өтті. Алдын ала тыңдауда айыпталушылардың адвокаттары істі жабық қарауды талап еткен, ал жәбірленушілердің өкілдері керісінше процесті ашық өткізуді сұраған болатын.
Еске салсақ, бұл оқиға 2025 жылғы қыркүйекте Қызылқайрат ауылында болды. Мемлекеттік айыптаушының нұсқасы бойынша, көлік жөндейтін орында жұмыс істеген ер адам жергілікті әйелді зорлап, бір ай бойы қорқытып келген. 6 қыркүйек күні ол әйелдің ағасын атып өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап қашып кеткен. Кейін полицейлер күдіктіні ұстап, қызды анасына тапсырды. Осы оқиғадан кейін балаға шұғыл операция жасалып, тіліне бірнеше тігіс салынды.