Талғарда қамаудан қашып кеткен күдіктіге қатысты көршілері тың мәлімет айтты
Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдіктіге қатысты тың мәліметтер шықты, деп хабарлайды КТК.
Алматы, NEGE. Көршілерінің айтуынша, ол анасымен және 8-сыныпта оқитын жиен қарындасымен бірге тұрған. 26 жастағы Бекарыс Сәбитұлы Қалмырзаев жиенін зорлады деген күдікке ілінген. Оның бұрын да жауапқа тартылғаны белгілі болды.
Изолятордан қашып кеткен күдікті анасымен бірге тұрған. Жақында анасы сегізінші сыныпта оқитын немересін өз үйіне алдыртқан көрінеді. Күдікті сол қызды зорлағаны айтылады. Бұл туралы алдымен қыз оқитын мектептің мұғалімдері білген.
«Күдіктіге жиені болып келетін қыз. Ол жақын адамдарына зорланғанын айтпаған. Себебі күдікті онымен бір үйде тұрған. Жәбірленушінің мұғалімдері зорлық туралы біліп қалған. Олар деректі анасына айтады. Зорлық жазғы демалыста сол үйде болған», – дейді Фатима Өтемісова.
Талғар аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторынан зорлық жасады деген күдікпен қамауда отырған ер адам қашып кеткен болатын. Кейін қашқынға қатысты мәліметтер жарияланып, аты-жөні белгілі болды.
Полиция негізгі жолдарға блок-бекеттер қойып, қашқынды іздеу және ұстау үшін барлық күш пен құралдарды жұмылдырды.
Жағдай облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.