13 Маусым 11:44

«Талғар» газетінің жарық көргеніне – 85 жыл

Фото:

Маусым айы – «Талғар» газетінің жарық көріп, оқырманға жол тартқан айы. Қиыры жоқ  ақпарат кеңістігінде алар орны бөлек, атқарар міндеті ауқымды «Талғар» аудандық газеті сонау 1935 жылдың маусым айынан бері халықпен бірге. Биыл басылымға 85 жыл толып отыр.

Осынау шежірелі белестерді еңсеріп, аудан халқымен біте қайнасып келе жатқан «Талғар» газеті өзіндік бағыт-бағдары, бет-бейнесі бар іргелі  басылым ретінде қалың оқырманына етене жақын. 
Газеттің өткен тарихына көз жүгіртер болсақ, Талғар ауданы өз алдына отау тігіп, іргесін бекіткен кезеңі 1935 жылдың 15 мамырына дөп келеді. Сол уақытта  араға  бір ай салып басылымның алғашқы саны «Сталин туы» деген атпен оқырманына жол тартады. Міне, содан бері үзіліссіз шығып келе жатқан аудандық газеттің аты заман ағымына қарай сан рет өзгергенімен, заты өзгерген жоқ.

Әр кезеңде газет «Сталин туы», «Коммунизм туы», «Звезда Алатау», «Алатау жұлдызы», «Талғар таңы» деген атаулармен жарық көрген. Қашан да тіршіліктің тынысын, өмірдің беталысын тамыршыдай дөп басып, қоғам дамуына өзіндік серпін беріп отыратын уақыт жаршысы халықты жаңалықтан хабардар етіп, әдебиет, өнермен сусындатып, уақыт  ағымымен үндестірген газет болды. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, газеттің алғашқы кірпішін қалаған, газетке басшылық жасаған өз дәуірінің қайраткерлері – Е.Жамансарин, О.Түменов, Омаров, А.Қосымбаев, Б.Сәрсенбиев, А.Костин, И.Кириллюк, М.Саин сынды аяулы азаматтардың бұл қара шаңырақта қалдырған қолтаңбасы айқын. Сонымен қатар отыз жыл аясында шығармашыл ұжымды игі істерге жұмылдырып, өнеге өресінен көріне білген газет редакторлары Людмила Жуненко, Сайлаубек Байдүйсенов, айтбек Сеитов, Райхан Азимова сынды басшылардың еңбегін ілтипатпен атап өткен орынды. Ал, бүгінгі бас редактор Бақтияр Қабасов газеттің материалдық-техникалық тұрғыдан дамуына айтарлықтай тер төгіп келеді. 

Газеттің бас редакторы Б.Қабасов: «85 жылдық мерейтойға орай басылым бағындырған белестер мен кемелді кезеңдер  жайлы материалдар легін жариялауды бастайды. Бұрынғы мен бүгінгіні жалғаған газеттің тұрмыс-тіршілігінен хабардар оқырмандар болса редакциямызға хат жолдап, ыстық естеліктерімен бөліссе, мың мәрте қуаныштымыз» дейді жүрекжарды қуанышын жеткізіп. Оның айтуынша, 2012 жылдан бері газет журналистерінің жалақысы 60 пайызға өсіп, редакцияның техникалық жағдайы едәуір жақсарған. Мұның бәрі Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқаны белгілі. 

Газеттің 85 жылдық мерейтойына орай құттықтау легі де толастар емес. Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров: «Талғар жұртының сусынын қандырған бірден-бір басылым әу бастағы деңгейінен түспей, ақпарат айдынында еркін жүзіп келе жатыр.   Әрине бүгінде интернет кеңістігі еркін жаулап, қолында ұялы телефоны бар жандар ұзынды-қысқалы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы біліп алып отырады. Оған өз үнін қосып желдей естіріп таратады. Бірақ, өзі бір күндік болса да сөзі мың күндік газет дәуірін ешкім жоққа шығара алмайды. Газеттің әр қарпінде өткен күннің өмірі мен белесі тасқа жазылған таңбадай мәңгілікке қалады. Газеттің бүгінгі  ұжымы ағалар салған сара жолдан жаңылмай, ұлы үрдістен шыға алып жүр. Ауданның имиджін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Аудан өмірін өркендетуге бірге атсалыса берейік! десе», белгілі журналист, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп: «Газет шығару ісін жақсы білемін. Оның ішінде аудандық газетті шығару – үлкен тірлік. Мұның бірнеше қиындығы бар. Біріншіден, кадр тапшы. Екіншіден, Абайдың «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күздеуде отырар бай» дегеніндей, жылда айналдырып бір ауданның мәселесін жаза беру де оңай емес. Аудандық газеттердің – ел шежірешісі ретіндегі орны зор. 85 жылдың ішінде талай нәрсе жазылды. Соның бәрі сақталды ма? Газеттің сарғайған парақтарын түгендеп, цифрлық жүйеге енгізу де өзекті мәселе. Осы жағын реттеп алсаңыздар деген тілегім бар.

 


Аудандық газеттердің мұңы көп: қаржы жағы қол байлайды, таралым да жылдан жылға азайып барады; «газет керек екен-ау» дейтін басшылар да азайды, мұның бәрі басылымның күн көруін қиындатады. Мемлекеттік тапсырыс  мәселесінде де шешілмеген түйін көп» дей келе, осындай қиындықтардың бәріне қарамай күндіз-түні асқан жанкештілікпен жұмыс істеп жатқан әріптестерге тілеулестік білдірді. 

Nege.kz редакциясы да әріптестерімізді басылымның мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді! Жазар таусылмасын! 

Тегтер: