16 Ақпан 12:33

Талдықорғанда тағы «қызық» болып жатыр: Көлбаев концлагердің бастығы ма?

зам
Фото: Коллаж NEGE

Жетісу облысының шенділері жұртты таңдандырудан жалығар емес. Экономикалық өсіммен, халықтың әл-ауқатын көтерумен таңдандырса һәм тамсандырса жөн ғой, бірақ олай емес. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев бастап, орынбасары Марлен Көлбаев қоштап, біртүрлі іс-әрекеттер жасай бастады.

Kozachkov offside телеграм каналына жетісулық шенеуніктер хат жолдап, мұңын шағыпты. Хат иелері былай дейді: «Біз аптасына бес күн жұмыс істейміз, бірақ облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев «денсаулық күні» деген спорттық акция ойлап тауып, 3 ақпаннан бастап әр сенбіде сағат тоғыздан таңғы жаттыуға келуге мәжбүрлеп жүр. Бізден келісім сұраған да жоқ. Еңбек инспекциясына неге арыздана алмайтынымызды түсінетін шығарсыз? Мәселен 10 ақпан күні таңда жиналдық та, 5 минут тұрып, тарап кеттік.

Демалыс күні уақытымызды отбасымызға арнауымыз керек екенін және бұл біздің заңды демалысымыз екенін, акция бізге ұнамайтынын басшылыққа түсіндіруге тырыстық. Алайда басшылықтың жауабы бір: «Шықпасаңдар, жұмыстан кетіңдер! Бұйрықтың аты – бұйрық!». Осылайша біздің құқығымыз тапталып жатыр. Басшылық бюрократияға бас ұрғанша, нақты нәтиже көрсеткені жөн еді...»

«Бұйрық қатты – жан тәтті», жетісулық мемқызметкерлер облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың біртүрлі бұйрығын орындауға мәжбүр болып жүр. Тіпті арыз иелері тыраңдап жаттығу жасап жатқан видеоларын қоса жолдапты. Көңілсіз көрніс. Видеоны көрген адам мұны Қытайдың саяси лагерінде «қайта тәрбиелеуден өтіп жатқан» адамдар екен деп қалуы бек мүмкін.

Тілшіміз ашық ақпарат көздері арқылы Марлен Көлбаевтың «бас терісін сыпырып» көрді.

М.Көлбаев 1976 жылы туған, білімі жоғары екен. Экономист әрі заңгер. Әр жылдары Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімінің бастығы, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ агроөнеркәсіп кешені департаментінің бас менеджері, Талдықорған қалалық адами ресурстарды басқару департаментінде жобаларды басқарудың бас менеджері, «ЖетісуАгроСауда» ЖШС-ның Талдықорған аймағы бойынша бастығы, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары, Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, Көксу ауданының әкімі лауазымдарын атқарған.

Ал өткен жылдың қарашасында Жетісу облысы әкімінің қоғамдық даму (ішкі саясат) жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

зам
gov.kz

Былай қарасаңыз, Көлбаевтың өмірбаянында мін жоқ. Кәдімгі қатардағы көп шенеуніктің бірі. Бірақ бір «түйткілді» көзіміз шалып қалды. Мәрлен Көлбаев еңбек жолын Ішкі істер басқармасының күзет бөлімінде милиция қызметкері болып бастаған екен...

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев орынбасары М.Көлбаевтың не істеп жүргенін білмеуі мүмкін емес. Әлде Исабаев пен Көлбаев өздері де көппен бірге тыраңдап таңғы жаттығу жасай ма? Бірақ видеодан әкім мен орынбасар көзімізге түспеді.

NEGE порталы мәселенің мән-жайын анықтау үшін М.Көлбаевтың атына ресми хат жолдайды. Бәлкім, оның айтары бар шығар?