15 Шілде 16:40
...

Талдықорғанда аралас жекпе-жектен турнир НЕГЕ өтпей қалды? Әкімдік жауап берді

ММА
Фото: ҚазТАГ

14 шілде күні Талдықорғанда өтуі тиіс аралас жекпе-жектен (ММА) турнир әкімдіктің араласуынан кейін тоқтатылғаны туралы ақпарат тарады. NEGE тілшісі мұның себебін анықтады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, үш күн бұрын қаланың «Жастар» саябағына алдын ала плакаттар іліп дайындалған.

Алайда, жергілікті тұрғындар жиналып, жарыс басталуына жарты сағат қалғанда әкімдік өкілдері жекпе-жектің өтпейтінін мәлім еткен. Бұл туралы ММА боксшысы Арман Әшімов: «Үш күн ішінде әкімдіктің рұқсатын алдық. Өкінішке қарай, біздің қолымызда барлық рұқсат қағазы болса да, жекпе-жек өтпей қалды. Әкімдіктегілер құжаттың жоқтығын, алдын ала келісілмегенін айтты. Соңында ұйымдастырушылар кінәлі болып қалды. Кенеттен неге бас тартқаны белгісіз», – деген болатын.

NEGE тілшісі Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевқа хабарласып, мән-жайды анықтады.

Зам аким
Фото: ғаламтордан

– Олар аралас жекпе-жекті «Жастар» спорт сарайында өткізу жөнінде рұқсат сұраған. Оған басында Спорт басқармасының орынбасары қол қойған екен. Бірақ басшы жұмысқа шыққаннан кейін рұқсат бермеген. Себебі, Спорт басқармасы «Жастар» спорт сарайының алаңындағы төселген жыртық жабындыны жаңарту керек болған. Содан кейін де бұл жарысты өткізуге рұқсат берген жоқ. Бірақ олар өздері басқа біреулермен келісіп, «Жастар» саябағында өткізбекші болыпты.

Кеше полиция бастығының орынбасары хабарласып: «Мында жекпе-жек өтейін деп жатыр. Бізге ешқандай хат түскен жоқ. Сіздер рұқсат бердіңіздер ме?», – деп сұрады. «Ресми түрде рұқсат берілмеді» дедім. Бұл саябақ – қаланың балансында. Бұлар қаланың әкімдігіне арыз жазып, рұқсат алмаған. «Жігіттер, рұқсат жоқ. Менің атыма ресми хат жазыңыздар. «Өркен» деген спорт кешенінде өткізуге болады. Ұйымдастыру жұмысына көмектесейік» десем де, «Бізге ол жер керек емес. «Жастар» спорт сарайы немесе саябақта өткізгіміз келеді», – деді. «Бұған көнбесеңіздер, онда рұқсат жоқ» дедім.

«Біздің қолымызда барлық құжат бар» депті ғой. «Әкімшілік берген рұқсат қағазын көрсетіңізші» деп сұрап көріңіз, не дер екен?

Негізі біз турнирдің өтуіне қарсы емеспіз. Бірақ әр нәрсенің өзінің өтетін орны болады. Мәселен, «Өркен», «Динамо» спорт кешені бар. Ал стадионда өткізуге болмайды. Бұл – футбол ойнауға арналған алаң. Тіпті болмаса, далада өткізгісі келсе «Шөптің үстіндегі хоккей» деген алаңды берер едік, – деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары.