28 Ақпан 17:26
...

Талдықорған полициясының бұрынғы басшысы Күштібаевтан зорлық көрген қыз 6 жылға сотталды

Күштібаев
Фото: 018.kz

2023 жылдың 12 қарашасында Талдықорған полиция басқармасының бастығы Марат Көштібаевқа өзінің кабинетінде 27 жасар қызды зорлады деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған болатын.

Алматы, NEGE. Сотқа дейінгі тергеу барысында Көштібаевтың әйелі жәбірленушімен ортақ танысы бар екенін біліп, ол арқылы зәбір көрген тұрғынмен ақша үшін айғақтарды өзгерту бойынша келісімге отырмақ болған. Көштібаевтың әйелі күйеуінің қылмысының біліктілігін зорлаудан жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге ауыстыруын қалаған.

Ортақ танысы бұл ұсынысқа келісіп, ол үшін уәде етілген қаражаттың бір бөлігін – 3 млн теңгені алған.

2024 жылғы 9 ақпанда бұрынғы полиция бастығына қатысты қылмыстық іс Талдықорған қалалық сотына келіп түсті. Мұнда сот хатшысы сотталушының әйеліне жәбірленуші өз айғақтарын өзгерткені үшін 50 млн теңге талап ететінін айтты. Сотталушының жұбайы келіскен. Кейін хатшы Көштібаевтың әйеліне талап етілетін соманың 40 млн теңгеге дейін төмендегені туралы хабарлады.

Сот хатшысы ақшаны екі бөліп алған. Алайда, жәбірленушіге тек жартысын берген, қалған 20 млн теңгені өз қалтасына басқан.

Сот үкімімен үшеуі де кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай ақ сот жәбірленушінің азаматтық талабын толық көлемде қанағаттандырып өндіріп алды: көмекшіден – 3 млн теңге; полиция бастығынан зәбір көрген әйел – 20 млн теңге; сот хатшысынан – 20 млн теңге.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.