Такси бағасы үш есе қымбаттаған: inDrive-ке ескерту жасалды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне жол жүру құнының күрт өсуіне байланысты алдын ала ескерту жолдады.
Астана, NEGE. Бұған 11 қазанда «Яндекс Go» сервисінің уақытша істен шығуынан кейін такси бағасының қымбаттағаны туралы ақпарат негіз болған.
Агенттік халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен күтпеген оқиғалар кезінде тарифтердің күрт өсуін тежеу тетіктері қолданылатынын атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін нарық субъектілерінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Агенттіктің хабарлауынша, Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес, inDrive сервисіне монополияға қарсы заңнаманы бұзуға әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы жазбаша алдын ала ескерту жіберілді.
Ал inDrive компаниясы жағдайды тұрақтандыру үшін сервис комиссиясын міндетті салықтарды жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендетті. Сонымен қатар жолаушы мен жүргізуші арасындағы баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген.
Айта кетейік, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс Go» қосымшасының жұмысында ақау шықты. Көп ұзамай Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекстің» деректер орталығына дрондар шабуыл жасағаны хабарланды. Ресейлік БАҚ мәліметінше, шабуыл салдарынан орталықтың жабдықтары зақымданып, жұмысы тоқтаған.