Таймерденовтің орынбасары ұятқа қалды
Алматы қалалық полиция депратаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбековтің біртүрлі фотосы әлеуметтік желіні кезіп жүр. Nege.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтамаққа Ішкі істер министрлігіне және Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласты.
Дәл қазір әлем бойынша төрт миллиардқа жуық адам карантинде отыр. Әбден іші пысқан жұрт түрлі челендж ұйымдастырып жатыр. Солардың бірі – швециялық блогердің «жастық-көйлек» челенджі. Әншілер, актерлер, тағы басқа да танымал адамдар бірінен-бірі іліп әкетіп жатқан «жастық-көйлекті» Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, подполковник Берік Әбілбеков жалғастырады деп кім ойлаған?!

«Жастық-көйлекті» Әбілбековтің әлеуметтік желіде қолдан-қолға өтіп жүрген фотосына қатысты Nege.kz порталының тілшісі алдымен Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың кеңесшісі Нұрділдә Оразға хабарласты.
«Мен қазір министрдің кеңесшісімін. Мына жағдайды білмеймін. Бізде баспасөз қызметі бар. Соларға хабарласыңыз. Менің функционалдық міндеттерім өзгерген», – деді Н.Ораз.
Министрдің кеңесшісі жөн сілтеген ІІМ баспасөз хатшысы Әйгерім Оразалиева да бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты.
Ал Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің жауабы мынадай болды:
«Бұл дерек бойынша қазіргі таңда полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады».
Сондай-ақ С.Әзірбек фотодағы «жастық-көйлекті» адамның Берік Әбілбеков екенін растады.
Фотоның қандай жағдайда түсірілгенін, әлеуметтік желіге қалай тарап кеткенін тексеру – өзіндік қауіпсіздік басқармасының шаруасы. Қалай дегенде де подполковниктің мұнысы ұят болды. Өзі үшін де, бастығы Қанат Таймерденов үшін де...