6 Желтоқсан 10:40
...

Тағы да күйеубала... Құлыбаевтың ҚТЖ-ға тиесілі кәсіпорындарды ресейліктерге сатып жібергені рас па?

ҚТЖ
Фото: Коллаж NEGE

Жуырда «Қазақстан темір жолы» ҰК-нің экс-төрағасы Ерлан Атамқұлов «Елмедиа» арнасына сұхбат беріп, ұлттық компаниядағы былық-шылықты баяндады. Оның сөзіне сенсек, олигарх Тимур Құлыбаев ҚТЖ-ның аса маңызды бөлімшелерін ресейлік «Трансмашхолдинг» компаниясына сатып жіберген.

Қаңтар бүлігінен кейін Е.Атамқұлов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атына хат жазып, өзінің Назарбаев пен оның отбасы мүшелері тарапынын қалай жапа шеккенін, олардың ҚТЖ-ны қалай тақырға отырғызғанын мәлімдеген. Президенттің пәрменімен қылмыстық іс қозғалып, ол іс 2,5 жыл тергеліпті. Осы аралықта «құйрығына қоңырау ілінгенін» түсінген Тимур Құлыбаев біраз дүниені ресейлік компанияға сатып үлгерген көрінеді.

Бұл туралы Ерлан Атамқұлов бүй дейді: «Тергеу жүріп жатқан кезде жағдайы қиындап бара жатқанын түсінген Тимур Құлыбаев кәсіпорындарды сата бастады. Кәсіпорындардың бір бөлігін қазақстандық бизнесмендерге сатты, ал ҚТЖ үшін ең маңызды әрі стратегиялық кәсіпорындар – 13 локомотив депосы мен 8 вагон депосын «Трансмашхолдингке» сатты. «Трансмашхолдинг» – ресейлік компания, темір жол саласымен айналысады. Қазір ҚТЖ-ның локомотивтерге қызмет көрсету саласы 100 пайыз ресейліктердің қолында...».

ҚТЖ
Е.Атамқұлов. Фото: «Елмедиа»

Біз осы мәселеге байланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың атына ресми сауал жолдап мына сауалдарымызға жауап беруін сұрадық: Қазақстандық 13 локомотив депосы мен 8 вагон депосының «Трансмашхолдингке» сатылып кеткені рас па? Егер рас болса, ҚТЖ қызмет көрсеткені үшін «Трансмашхолдингке» жылына қанша қаржы төлейді? ҚТЖ-ның ресейлік «Трансмашхолдингпен» қандай да бір әріптестік байланысы бар ма? ҚТЖ-ның локомотив және вагон жөндеу қызметін қандай компания жүргізеді?

Сауалдарымызға «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ аппарат жетекшісі Серік Кеулімжаевтан жауап келді.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания» акционерлік қоғамының ресейлік «Трансмашхолдинг» компаниясымен серіктестік қатынастары жоқ.

Локомотивтерге техникалық және сервистік қызмет көрсету бойынша қызметтерді келесі компаниялар жүргізеді:

- KZ8A сериялы электровоздарға сервистік қызмет көрсетуді «ЭКЗ» ЖШС (Электровоз құрастыру зауыты) жүргізеді;

- ТЭ33А/Ас сериялы тепловоздарға сервистік қызмет көрсетуді WABTEC компаниясының ҚР-дағы филиалы «Транспортейшен Глобэл Эл Эл Си» жүргізеді;

- ВЛ80 сериялы электровоздарға, 2тэ25км, 2ТЭ10МК/ВК сериялы тепловоздарға және ТЭМ, ТМЭ, СКД6Е сериялы маневрлік тепловоздарға техникалық қызмет көрсетуді «Қамқор Локомотив» ЖШС және басқа да бірқатар жеке жөндеу кәсіпорындары жүргізеді».

Құлыбаев
Фото: NEGE

Ресейлік «Трансмашхолдинг» (ТМХ) Қазақстандағы ірі активтерін сатып жібергені биыл көктемде белгілі болды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәлімдеуінше, қазір ТМХ-ның Қазақстанда ешқандай активі қалған жоқ. ТМХ-ның баспасөз қызметі де «Қазақстанда ешқандай активіміз жоқ» деп хабарлаған.

Дегенмен, ТМХ-ның өткен жылдың қаңтар-маусым аралығындағы қаржылық есебіне көз салсақ, холдинг құрамына 63 ұйым кіретіні, қаржылық-шаруашылық қызмет Ресей, Беларусь, Швейцария, Қазақстан, БАӘ және Үндістанда жүргізілетіні айтылған. Сондай-ақ осы құжатта ТМХ-ның Павлодардағы темір жол дөңгелектерін өндіретін «Проммашкомплект» кәсіпорынын жанама түрде бақылайтыны айтылады.

Естеріңізге салайық, «Трансмашхолдинг» өткен жылдың қыркүйегінде АҚШ-тың антиресейлік санкциясына ілінген болатын. Холдингтің бас директоры Кирилл Липа санкцияға қарсылық ретінде шағым түсіргенін, бұл шаруамен адвокаттар айналысып жатқанын айтқан, бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.