5 Ақпан 11:59
...

Табыстың қанша пайызы азық-түлікке жұмсалады?

Фото:

Қазақстандықтар табысының 44,9 пайызын азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсайды.

Алматы, NEGE. Америка Құрама Штаттарының Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA) жыл сайын арнайы зерттеу жүргізеді. 100 мемлекетті қамтитын ғалымдар жұмысының негізі жаһандық азық-түлікті тұтынуға қатысты. Қайсыбір жылы мамандар «бір жылға есептелген азық-түлікті 7 айда жеп тауыстық» деп дабыл қақты да, қалған 5 айда келер жылдың есебінен қарызға ішіп-жедік. Бұл жайында жазушы, журналист Жаңабек Шағатай «Қарызға күн кешкен пенделер» деп жазып, біраз жайды жайып салған-ды. 

«Алып жыландар – анаконда мен питондар қабырғасы майлы копибара немесе теңбіл елікті тұтасымен толғай жұтса, екі-үш ай бойы «жұтқан – жұтамастың» салтымен соны қанағат тұтып, жартылай ұйқыға кетеді екен. Беу, табиғаттың тепе-теңдігі қалай-қалай сақталады десеңізші! Адам шіркін ондай емес: аузы тыным тапса, ауырып қалатындар көп екі аяқтының арасында», – дейді жазушы.

USDA дерегіне көз тіксек біздің ел тапқан табысының тең жартысына жуығын ішіп-жемге жұмсайды. Көршілес не дамыған мемлекеттермен өзімізді көп салыстырамыз. Бұл жарыста біз көш ілгері тұрмыз. Белорусия, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Иордания мен Македония, тіпті, парагвайлықтарға дейін бізге қарағанда үнемшіл. Еуропашыл Украинадан да (42,2), табысы тым төмен угандалықтар да (44,2) бізге бәсекелес бола алмапты. 

Зерттеушілер ұзақ, бәлкім, сәт қана ойланып, дамыған әрі экономикасы бақуат мемлекеттің тұрғындары азық-түліккке мейлінше аз жұмсайды деген тұжырымға келіпті. Көшті сол АҚШ бастайды. Сондай-ақ, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Австралия мен Австрия азаматтары 10 пайызға дейінгі табысын қорек етеді. Германия, Нидерланды, Катар мен Оңтүстік Корей елінде бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін. 16-25 пайыз аралығында Польша, Словакия, Венгрия, Болгария, Израиль, Уругвай, Кувейт, Қытай мен Түркия тұрғындары бар. 

Бұл 2018 жылғы деректер негізінде жасалған қорытынды. Десек те, зерттеушілердің жоғарыдағы қорытындысына зер салсақ, біраз ойға жетелейді. Бірақ олар қазақтың бабасы дастарханға отырғанда бір қойды түгел жеп қойғанын қайдан білсін?!

Тегтер: