Табысы азайды. «Қазпоштаға» қатысты қауіп НЕГЕ күшейіп барады?

2024 жылы «Қазпошта» ұлттық компаниясының таза табысы оның алдындағы жылмен салыстырғанда төрт есе азайған. Пошта операторы 2024 жылы 616,5 миллион теңге таза пайда көрсетті. Ал 2023 жылғы кірісі 2,4 миллиард теңге деңгейінде болған еді. Табыс НЕГЕ азайды?
«Қазпоштаның» операциялық қызметі әлі күнге дейін өзін-өзі ақтамайды. Мысалы, жалпы выручкасы 62,4 миллиард теңге көрсетсе, сол қызметті атқарудың өзіндік құны 80,6 миллиард теңге болып отыр. Арадағы дефицит 18,2 миллиард теңгеге жетті.

Оған ұлттық компанияның 7,4 миллиард теңге болатын әкімшілік шығынын қоссақ, «Қазпоштаның» операциялық қызметі былтыр 25,7 миллиард теңге шығын әкелген. Мұның басты себебі – жеткізу тарифінің төмендігі.
Шалғай ауылдарға газет-журнал, сәлімдеме жеткізу ақысы соны жеткізуге кеткен шығынды мүлде жаппайды. Оны компания басшысы Әсел Жанасованың өзі де Үкіметтегі брифинг барысында айтқан болатын.
«Газетті жеткізу тарифі тек басылымды басып шығару шығындарын ғана өтейді. Жыл сайын жанармай бағасы 20%-ға өседі, жалақыны да жыл сайын көтеру қажет. Біздің шығындарымыз 30%-ға артуда. Ал тарифтер 2017 жылдан бері қайта қаралған жоқ. Шалғай ауылдарға газет-журнал жеткізу шығыны 10 миллиард теңгеге жетеді. Егер біз газет-журналдардың болашағы туралы ойласақ, тарифтерді көтеруіміз керек», – деген Ә.Жанасова.

Осы шығынды жабу үшін «Қазпошта» үкіметтен шамамен 10 миллиард теңге субсидия сұрап отыр. Бірақ қазіргі бюджет дефициті жағдайында мемлекет ол шығынды өтеп беруге келіседі деу қиын.
Былтыр компанияны тек қаржылық қызметтен келген түсімдер құтқарып қалды. Қаржылық қызмет бағытында 38,8 миллиард теңге выручка келді, тиісінше 16,1 миллиард теңге шығын кетті. Содан қалған 22,7 миллиард теңге мен қосымша 4 миллиард теңге кіріс операциялық қызметтен қалған 25,7 миллиард теңге шығынды жауып, сәл де болса кіріс көрсетуге жетті.

Енді «Қазпоштаның» 2025 жылғы перспективасына қатысты бірқатар сұрақ туындайды. Тарифтер әлі күнге дейін 8 жыл бұрынғы қалпында қалды. Шалғай ауылдардағы пошта қызметкерлерінің жалақысын тағы да көтеру керектігі анық.
Компанияның қаржылық бағытта табатын табысының бары осы болса, онда биыл компанияны шығынсыз шығаруды «орындалмайтын миссия» деп атауға әбден болады.