Табиғи өрт кезінде тікұшақтарды пайдалану тәжірибесі қаншалықты тиімді?

Табиғи апат айтып келмейді. Әсіресе, биыл еліміз тілсіз жаудың салдарынан көп жапа шекті, шығынға батты. Орман, дала өрті төтеншеліктерді әбігерге салғаны рас. Болған жайттарға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі бірқатар шараларды қолға алды.
Тілсіз жаудың алдын алу шаралары жүйелі түрде орындалып келе жатқан жұмыс. Сақтық шаралары да тұрғындардың назарынан тыс қалған емес. Төтенше жағдайларға байланысты Калининград қаласында Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Төтенше жағдайлар министрліктерінің отырысы өткен болатын. Үш елден келген өкілдердің жиынында төтенше жағдайлар кезінде бірлесіп әрекет ету мәселесі жан-жақты талқыланды.
«Табиғи апат кезінде жедел қызмет көрсетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған алғашқы жұмыс. Бұл мәселе жүйелі түрде жолға қойылғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, осы елдердің бірінің аймағында табиғи апат бола қалған жағдайда өзара бірлесіп шара қолдану жүзеге асырылып жатыр», - деді Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Аталмыш жағдайлар бойынша ынтымақтастықты әрі қарай да жалғастыру маңызды болып отыр. Жиын барысында талқыланған негізгі мәселелердің бірі өрт сөндіру қызметінің негізгі жұмыстарына арналды. Табиғи өртті сөндіруге байланысты Қазақстанның тәжірибесі жан-жақты зерттеліп, әр тараптан ұсыныстар айтылды. Қазақстанда орман аз. Есесіне, дала өрті өршіп тұр. Таулы аймақтар көп болғандықтан, тауда жиі өрт болып тұрады. Ал таудың ұшар басында туындаған тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндіретін көліктердің жете алмауы заңды құбылыс. Мұндай жағдайда авиация қызметін қолдану тәжірибесі кең таралған. Дала өртін сөндіру барысында да авиация қызметі қолданылады. Мұндай жағдайда Қазавиақұтқарудың күштері мен құралдарының еңбегі зор. Қазавиақұтқару заманауи техникамен жабдықталған, сонымен қатар ол жерде арнайы мамандар қызмет етеді.
2022 жылдың өзінде Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінің көмегімен 3 мыңға жуық табиғи өрт сөндірілді.
Авиапаркке 33 тікұшақ жұмылдырылады. Әр авиапаркті Қазақстанның 17 қаласында жасақтау ойластырылған. Бұл өз кезегінде ел аумағының кез келген жерінде табиғи апат, төтенше жағдай бола қалған жағдайда тез арада жетіп, шұғыл шара қолдануға ыңғайлы.
Дала, орманды, таулы аймақтарды табиғи апаттардан қорғап, олардың алдын алу төтеншеліктердің тікелей міндеті.
Жоғарыда атап өткендей, еліміздің аумағында табиғи өрт өршіді. Қостанай, Абай, Жетісу облыстарында ірі орман өрттері болғанын жақсы білеміз. Өрт сөндірушілердің ерен еңбегінің арқасында тілсіз жау ауыздықталды. Өрт сөндіру барысында, әсіресе, авиацияның қызметін пайдалану анағұрлым ұтымды болғанын ерекше айта кеткен жөн. Қыркүйек айында орман, дала өртін сөндіру үшін ВСУ-5А құралы бар Ми-8 тікұшақтары, жедел су жеткізу үшін ЕО-145 (Еурокоптер) пайдаланылды.
Табиғи өрт кезінде сол аймақтағы жан-жануарларға айтарлықтай залал келтіріледі. Жедел әрекет еті барысында ғана жан-жануардың шығынын болдырмауға болады.
Сол себепті үш елдің өкілдері бас қосқан жиында авиацияны жұмылдырудың тиімділігі барынша зерделенді. Ал өрт кезінде тікұшақтармен дұрыс жұмыс жүргізу мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты.
Табиғи өрт кезінде авиация қызметі қалай жұмыс істейді?
Мәселен, белгілі бір аумақта өрт шыққаны анықталады. Ал ол жерге өрт сөндіру көліктерінің шамасы жетпеуі мүмкін. Мұндай жағдайда тікұшақпен жасақталған команда өрт шыққан аумаққа жедел жеткізіледі. Су төгетін құралы бар тікұшақтар әуеден өрт сөндіреді. Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасы негізінде орманды алқапты өрттен қорғау бойынша құқықтық актілерге ормандарда жасанды және табиғи су айдындарының желісін құру жөніндегі норма енгізілмек.
Аталмыш норма авиация қызметінің ұтымды жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Мысалы, өрт орнынан 10 шақырымнан аспайтын аумақтан тікұшақтармен оңай су жеткізуге болады. Орман, дала өрттері кезінде әуе құрылғыларынан шашылатын су міндетті түрде өрт сөндіруді жеделдететін заттардан тұрады. Ол жоғары қысыммен жүзеге асырылады.
Авиациялық технологияларды пайдалану жерүсті технологияларға қарағанда келесі артықшылықтарға ие:
- өрт сөндіруге арналған суды өрт аймағына жедел жеткізеді;
- өрт шыққан жердің бірден бірнеше аумағын жылдам сөндіреді.
- кез келген аумаққа оңай жеткізіледі;
- өрт сөндірушілер үшін барынша қауіпсіз болып саналады.
Орман, дала өрттерін әуе кемелерінің көмегімен сөндіру – өртпен күресудің және өрттің жақын маңдағы маңызды объектілерге таралуын болдырмаудың ең тиімді жолы. Сол себепті тілсіз жауды тез арада ауыздықтау мүмкін болмаған жағдайда тікұшақтарды пайдалану тәжірибесі әлем бойынша қолданылып келеді.