6 Ақпан 00:34
...

SWAT Challenge: Қазақстанның «Сұңқар» арнайы жасағы күміс жүлде иеленді

Полиция
Фото: Полиция

Қазақстанның арнайы жасағы әлемнің үздік үштігі қатарында, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge жарысы өз мәресіне жетті. Бұл беделді сайысқа әлемнің 80 елінен 100-ден астам арнайы жасақ бөлімшелері қатысып, бес күн бойы тактикалық, штурмдық, құтқару операциялары, кепілдегі адамдарды босату және кедергілер жолағын еңсеру бойынша өз шеберліктерін көрсетті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» арнайы жасағы барлық кезеңдерде жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте күміс жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар Қазақстанның өзге де арнайы жасақ бөлімшелері үздік ондыққа кірді. Олардың қатарында ҚР ҰҚК «Арыстан» және «SSN Aktau», СГО-ның «Сардар» арнайы жасағы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан құрамасы бар.

Айта кетейік, «Сұңқар»командасы алғашқы және үшінші кезеңдерде бірінші орын иеленді. Нәтижесінде, екі алтын және жалпы қорытынды бойынша күміс медаль алып, жетістікке жетті. Бұл – олардың аталмыш жарыстағы екінші қатысуы.

Биылғы сайыстың тарихи ерекшелігі – Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының атынан алғаш рет «Томирис» әйелдер командасының қатысуы. Оның құрамында конькимен жүгіру спорты бойынша әлемдік рекорд иегері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, спорт шебері және күштік спорт түрлері бойынша түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегерлері бар.

«Томирис» командасы барлық сынақтардан сәтті өтіп, ерлер командаларымен терезесі тең өнер көрсетті. Нәтижесінде, әйелдер арасында Қазақстан құрамасы екінші орынға көтерілді.