30 Наурыз 12:00
...

«Сүйіссіз фильм – фильм емес» – Санжар Мәди кімнің рөлін сомдағысы келеді?

Актер
Фото: Фото: әлеуметтік желіден

Санжар Мәдиге қарасты әңгіме айтылса, қыз-келіншек біткеннің елең етері анық. Біреулер оны сымбатты жігіттің символына баласа, жастар жағы «краш» деп таниды. «Қаланың асфальтінде өсті» дегені болмаса, болмысы қарапайым жігіт тілшіміз қойған сауалдарға жауап берді.

– Жуырда Мадридте өткен Джорджио Армани брендінің жаңа иіссуына қатысты әлемдік тұсаукесеріне қатысып қайтқан екенсіз. Сонда сіз Қазақстандағы амбассадоры боласыз ба? 

– Қазіргі таңда бұл брендке Қазақстаннан амбассадор керек пе, жоқ па, осы жағы талқыланып жатыр. Ал мен әзірге жарнамасына түстім.

– Осындай танымал брендтердің жарқ еткен бір жарнамасында төбе көрсеткенде тапқан табысыңыз елде түскен бір киноның ақысынан анағұрлым асып түсетін болар?

– Иә, әрине. Бірақ нақты сомасын айта алмаймын.

– Сізді Қазақстандағы номері бірінші модель деп жатады. Мұнымен келісесіз бе?

– Мен кино саласына модельдік бизнестен келген жоқпын, сондықтан өзімді ешқашан модель санаған емеспін. Әрине, ара-тұра киім-кешек, аксессуар сынды түрлі заттардың жарнамасына түсіп тұратыным бар. Оның үстіне кезінде мені модельдік агенттіктен шығарып жіберген.

– Ал «Қазақтың Брэд Питі» немесе «краш» деген теңеулерді қалай қабылдайсыз?

– Біреуді біреумен салыстырғанды ұнатпаймын. Брэд Питтің – Брэд Питт, ал менің Санжар Мәди болып қалғаным жөн болар. Ал «краш» деген жас буын арасында қалыптасқан термин ғой. Егер жастар жағы мен түскен киноларды көріп жоғары баға беріп жатса, ол үшін қуаныштымын. Ал комплекс деген менде мүлде жоқ.

«Қарап тұрған жігітке қыз артылған» уақыт келді ғой, қыздар көп мазалай ма?

– Жоқ, мазаламайды. Көпшілік арулар менің отбасым бар екенін жақсы біледі.

Әлеуметтік желіде сізге сұқтанып жататын қыздардың қарасы көп көрінеді. Бәлкім, өзіңіз мән бермеуге тырысатын боларсыз?

– Жоқ, керісінше, өзіме келген хаттардың барлығын оқып, үнемі жауап беруге тырысамын.

Актер
Фото: әлеуметтік желіден

– Netflix-тің Әмір-Темір жайлы туындысында Жасурды сомдадыңыз. Бұл картинаға шақырту қалай түсті?

– Ол фильмге менен де өзге қазақстандық актерлер түсті ғой. Алдымен ұзақ уақыт бойы іріктеу жұмыстары жүрді. Сынақ бойынша өзге кейіпкерді сомдауға тиіс едім. Бірақ соңында менің табиғатыма Жасурдың рөлі жақсы келетінін айтты. Мен де бірден келісе кеттім. Осылайша өте қызық кейіпкерді ойнау бұйырды.

Қазір өнерде қызылкөз қызғаныш басым деуге келе ме?

– Барлығының атынан сөйлей алмаймын. Бірақ кино саласындағы әріптестерім арасында қызылкөздік бар деуге келмейді. Керісінше, ауызбіршілікке жұмылып, бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Егер сенсеңіз, бір кездері өзіме бұйырған рөлді тиісті деңгейде алып шығады деген үмітпен өзегеге табыстаған кезім де болған. Өз басым қандайда бір дүниеге «бұл менікі» деп тырысып, жабысып алған кезім болған жоқ. Бұйырғаны болады.

– Көпшілік қазақтілді киноларда ойнамайтыныңызды жиі тілге тиек етеді. Місе тұтпайсыз ба, әлде шақырмай ма?

– Қазіргі статистикаға сүйенсек, қазақ тілінде көбіне комедиялық фильмдер түсірілуде. Ал мен өзімді комедияның актері деп санамаймын. Сондықтан комедиядан өзге туындыларға түсемін.

– Жұбайыңыз Мөлдірдің экрандағы сұлулардан қызғанып қалатын сәттері бола ма?

– Біздің бас қосқанымызға бірнеше жыл болды. Сондықтан бұл менің жұмысым екенін жақсы түсінеді. Керсінше, «сүйіссіз фильм –фильм емес» деп қалжыңға салып отырады.

Жұбайымен
С.Мәдиев жұбайымен. Фото: әлеуметтік желіден

– Бір сұхбатыңызда әкеңіз сіз кішкентай кезде отбасынан кетіп қалғанын айттыңыз. Іштей ол кісіні кешірдіңіз бе?

– Әрине, кешірдім. Қазіргі кезде байланысып тұрамыз. Әке мен бала болып жүздесіп, сөйлесеміз. Бұл менің әке-шешемнің өзара қабылдаған шешімі ғой. Бұл жайт бала кезде маған қатты тиді. Бірақ түсіністікпен қарауға тырысамын. «Әкені түсіну үшін әке болуың керек» дейді ғой. Мен де қазір әкемін.

Анасымен
С.Мәдиев анасымен. Фото: әлеуметтік желіден

Қонаевтың тұлғалық болмысын қатты құрметтейді екенсіз. Тоқаев екеуі жайлы фильмге түсуге таңдау ұсынса, қайсысын кейіптеген болар едіңіз?

– Қонаевтың жас кезін сомдаған болар едім.

Күйеуінен теперіш көрген әйелдерді қолдау мақсатында «ерлер зорлыққа қарсы» флешмобына қатыстыңыз. «Әйел тілінен табады» дейтін азаматтарға қандай уәжіңіз бар?

– Әйелге қол көтерген еркек физикалық тұрғыда мықты болғанымен, рухы әлсіз деп білем. Сондықтан қандай жағдай болса да, әйел адамға қол көтеруге болмайды.

Әйеліне қол көтерген еркек қандай жазаға лайық?

– Біріншіден, мұндай мәселелер заң аясында шешілгені дұрыс. Бірақ біздің елде заң қабылданғанымен, орындалмайды. Мәселе осында. Егер кімде-кім әйелге немесе балаға жәбір көрсетсе, қылмыстық кодекс бойынша тиісті жазаға тартылу керек. Мұны мен қоғамда өзіндік орыны бар аға, әке және азамат ретінде айтамын.

– Елдің ертеңіне алаңдайсыз ба?

– Жемқорлық жаныма батады. Қоғамның әр бұрышында тамырын тереңге жайған коррупция түбімізге жете ме деп қорқамын. Егер осыны бір жолға қойсақ, көп мәселе өздігінен шешімін табар еді.