Сұңғат Сәрсекеев: Қылмыстық топ 16-25 жастағы қыздарды Бахрейнге құлдыққа сатқан
Бүгінгідей өркениетті заманда да адам саудасы басылмай отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша 40 млн-нан астам адам құлдықтың құрбанына айналған.
Адам саудасымен айналысатындар Қазақстан тұрғындарын негізінен Ресейде, одан кейін Бахрейнде, Бразилияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Корея Республикасы мен Түркияда мәжбүрлі еңбекке тартады.
Дәл бүгінгі күні Қазақстанда 1200 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде тұр. Олардың қайда жүргені белгісіз.
Жайлы жұмыс беріп, жақсы жалақы төлейді деген желеумен қаракөз қыздарымыз шетел асып жатыр. Онда барлығы керемет емес. Керісінше, алданып сексуалды құлдықтың құрбанына айналып жатқандары жетерлік. Олар дер кезінде табылып, көмек көрсетілсе жақсы. Ал табылмағандарының тағдыры беймәлім.
ҚР Ішкі Істер министрлігі КПД АМІЖ аға жедел уәкілі Сұңғат Сәрсекеев – 2016-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында адам саудасымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттерін әшкерелегендердің бірі. Олардың ішінде Қазақстан, Ресей, Бахрейн азаматтары бар.
С.Сәрсекеев.
Қазақстаннан 38 әйел Бахрейн Корольдігіне өтіп кеткен, оның ішінде 9-ы – кәмелеттік жасқа толмаған. Сұңғат Жүсіпұлының өз ісін беріле атқарғанының арқасында жапа шеккен әйелдер сексуалды құлдықтан босатылып, елге оралған.
Осы еңбегі еленген аға жедел уәкіл Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік награда алды.
Президенттің қабылдауында.
Сәрсекеев Сұңғат Жүсіпұлы Nege.kz сайтының тілшісіне қылмыстың қалай әшкереленгенін, қыздардың құлдықтан қалай босатылғанын баяндап берді.
«Бізге кәмелеттік жасқа толмаған қызды Бахрейн Корольдігіне сексуалды құлдыққа сатып жатқаны туралы ақпарат келді. Барлығын толық зерттедік, ақпарат расталды. Тексеру шаралары кезінде қылмыстық топтың ізіне түстік. Анықтағанымыздай, ол трансұлттық қылмыстық топ болып шықты.
Қылмыстық топ еліміздің оңтүстік өңірлерінен 16-25 жас аралығындағы қыздарды Бахрейн еліне сату үшін өздеріне тартқан. Манама қаласына келген кезде қыздарды 5-15 мың АҚШ доллары көлемінде сатқан.
Одан кейін олардың төлқұжаттарын тартып алып, сексуалды құлдыққа жеккен. Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі және «Сана Сезім» үкіметтік емес ұйымының көмегімен зардап шеккендердің барлығы елге оралды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», – дейді Сұңғат Жүсіпұлы.
Сұңғат Сәрсекеевтің айтуынша, адам саудасы – қылмыстық табыс бойынша үшінші орында. Сол себепті бостандықты саудалау халықаралық мәселеге айналған. Қылмыскерлер өз арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін осындай заңсыз әрекеттерге барады.
«Әйелдер де, ерлер де, тіпті балалар да адам саудасының құрбаны болуы мүмкін. Оның алдын алу үшін елімізде бірқатар шаралар қолға алынған», – дейді аға жедел уәкіл.
1. Ең жоғары жазалау шарасымен 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
2. Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оларға қарсы күрес жөніндегі үкіметтік іс-шаралар жоспары;
3. Қазіргі кездегі адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
4. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық.
«Адам саудасының құрбаны болып, жапа шеккендерді оңалту жұмыстары арнайы әлеуметтік қызметтер қөрсететін ұйымдардың қаржысы есебінен жүргізіледі. Аталған кешен 8 түрлі қызмет түрін көрсетеді: әлеуметтік-психологиялық, құқықтық, медициналық және т.б. Сондай-ақ, адам саудасының құрбандарына Халықаралық көші-қон ұйымы және мемлекеттік емес ұйымдар көмек көрсетеді. Қазіргі таңда елімізде олардың саны 20-ға жуық», – дейді Сұңғат Сәрсекеев.
«Полиция қызметкерінің міндеті – азаматтардың қызығушылығы мен құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті күзету. Сол себепті біз ары қарай да бар күшімізді салып қызмет етіп, азаматтардың сенімінен шығуға тырысамыз», – дейді Сұңғат Жүсіпұлы.