15 Желтоқсан 11:53
...

«Айлығымыз жете бермейді»: Сән салондарында баға қымбаттап жатыр

Сұлулық салоны
Фото: pixabay.com

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, бір жыл ішінде шаш қию және сәндеу қызметтерінің құны 15,5 пайызға өскен.

Еліміздегі қыз-келіншектер 2025 жылдың алғашқы алты айында сұлулық салондарына 57 млрд теңге жұмсаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 73 пайызға көп.

Қызмет көрсету бағасы өскен сайын нәзік жандылар сұлулық салондарына баруды сирете бастаған. Осыған байланысты сұлулық индустриясындағы қымбатшылық табиғилықты трендке айналдырып келеді деуге болады. Дегенмен өз күтіміне ақша аямайтын қыз-келіншектер де бар. Орта есеппен бір адам жылына кемінде 5-6 рет сұлулық салондарының қызметіне жүгінеді. Қыз-келіншектер тырнақ әрлеу мен кірпік жалғауды сиретсе де, бұл қызмет түрлеріне сұраныс әлі де сақталған.

Алматыдағы сұлулық салондарынан бағаның не себепті көтерілгенін сұрап көрдік. Салон иелері мен мамандар шаштараз құралдары, бояғыштар және басқа да қосалқы материалдардың қымбаттағанын айтады. Сонымен қатар ғимаратты жалға алу құнының өсуі де бағаға әсер етіп отыр. Азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы да бұл нарыққа ықпал еткен.

Тональді кремдер бір жылда 20-40 пайызға қымбаттаған

Өзінің жеке сән салоны бар алматылық визажист Айдана Әкімжанованың айтуынша, ол қолданатын lux санатындағы косметикалардың бағасы айтарлықтай өскен.

«Негізінен шетелден келетін брендтік опа-далаптарды пайдаланамыз. Олардың бағасы көтерілген кезде қызмет құнын да арттыруға тура келеді. Қазір бет әрлеуге арналған тональді кремдер мен опа-далаптар соңғы бір жылда 20-40 пайызға қымбаттады. 2024 жылы Estée Lauder тональді кремін 20 мың теңгеге алсам, қазір ол 24-25 мың теңге тұрады. Бұған қоса, жалға алу ақысы мен гигиеналық құралдарға кететін шығындар бар. Соған қарамастан, бағаны барынша көтермеуге тырысамын», – дейді визажист.

Визажист
Фото: pixabay

Маманның айтуынша, баға көтерілгенімен тұрақты клиенттерінің саны азаймаған.

«Маған үнемі келетін қыз-келіншектер бар. Олар бағаға емес, сапаға көбірек мән береді. Әрине, қымбат деп кетіп қалатындар да кездеседі. Бірақ көбіне сапалы өнімді көрген соң бағасына келісіп жатады», – дейді ол.

Айдана Әкімжанованың сөзінше, қазір қыз-келіншектер табиғи образды көбірек таңдайды. Сол себепті жеңіл макияжға сұраныс артқан, ал кешкі макияж сирек жасалады.

Қазақстанның сұлулық индустриясындағы сарапшылар қымбатшылыққа қатысты нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтады. Олардың пікірінше, жағдай жаңа жылдан кейін анық көрінеді.

Тек жарнаманың өзіне айына 4 млн теңге кетеді

Тараз қаласында жеке салон бизнесін жүргізіп отырған кәсіпкер Айсара Бисенованың айтуынша, бұл қалада қызмет бағасы салыстырмалы түрде тұрақты. 

«Алматы мен Таразды салыстыруға келмейді. Алматыға қарағанда Таразда қызмет көрсету бағасы арзан. Мысалы, Алматыда шаш сәндеуге 14 мың теңге алады. Бұл – ТОП салондардың бағасы. Ал элиталы аудандарда шаш сәндеу 35 мың теңгеден 75 мың теңгеге дейін жетеді. Алматыдағы салондарға бір барған кезде орта есеппен 50-55 мың теңге қалдырып кетесің. Бұл өте қымбат», – дейді Айсара Бисенова.

Кәсіпкердің айтуынша, ТОП салондар орындарын жалға бермейді, мастерлерді пайызбен жұмыс істетеді. Әр мастердің пайызы әртүрлі.

Қазіргі таңда салондар арасында бәсекелестік күшейген. Клиент санын арттыру үшін сұлулық салондары қосымша қызметтер енгізіп жатыр.

«Қазір салондарға онлайн жазылу жүйесі бар. Бұрын телефон арқылы жазылатынбыз, қазір бәрі онлайн. Бұл қызмет үшін айына шамамен 300 мың теңге төлейміз. Сонымен қатар 2GIS арқылы жарнама жасау кең тараған. Таразда 300-500 мың теңге төлесеңіз, ТОП-та тұрасыз, ал Алматыда бұл қызмет 1 млн теңгеден асады. Бұрын клиентке тек су ұсынсақ, қазір кофе мен шай беріледі, кейде таңғы ас та қосылады. Бұрын бір орамалды бірнеше клиентке қолдансақ, қазір бір реттік құралдар пайдаланамыз», – дейді кәсіпкер.

Айсара Бисенованың да айтуынша, lux санатындағы косметикалар 20-40%-ға қымбаттаған. 

«Алматыда да, Таразда да бір өнімді қолданады. Тек Алматыда табыс көбірек. Мен салон иесі ретінде заңды, ашық жұмыс істеймін. Мастерлерім үшін салық төлеймін, барлығы еңбек келісімшартымен жұмыс істейді. Кейбір салондар әлі де заңсыз жұмыс істеп жүр. Қазір жеке кәсіпкер арқылы бәрін жүргізу қиын. Егер әр мастер жауапкершілікті өз мойнына алса, жеке терминалы болып, өзі салық төлеуі керек», – дейді ол.

Сонымен қатар көптеген сұлулық салондары жарнама мен әлеуметтік желілердегі парақшаларын дамытуға ерекше көңіл бөледі.

«Қазір әр салонда мобилограф бар. Әлеуметтік желіні жүргізбесең болмайды. Тек жарнаманың өзіне айына 4 млн теңгеге дейін шығын кетеді. Қазіргі клиент салонда ұзақ отырғысы келмейді. Бір сағаттың ішінде шашын да, маникюрін де, педикюрін де жасатқысы келеді. Ол үшін бір клиентке бірнеше мастер қатар қызмет көрсетеді. Сондықтан мастер санын көбейтуге тура келеді», – дейді Айсара Бисенова.

Кәсіпкердің пікірінше, баға қымбаттағанымен сұлулық салондарына деген сұраныс төмендемейді. Себебі қыз-келіншектер әрдайым сұлу болып жүргісі келеді.

«Қазір салондарда бөліп төлеу мүмкіндігі де бар. Жаңа жыл қарсаңында маникюр, макияж және шаш сәндеуге сұраныс артады. Сонымен қатар салондарға ер адамдар да жиі келе бастады. Сол себепті «киіміңе қарап қарсы алатын» заманда сән салондарына сұраныс азаймайды», – дейді ол.

«Салондардағы қазіргі бағаға айлық табысым жете бермейді»

Ал, Алматы қаласының тұрғыны Ақмарал Серікқызының айтуынша, сұлулық салондарындағы өзі жүгінетін қызметтердің қазіргі бағасына ай сайынғы табысы жете бермейді.

«Шынымды айтсам, мен үнемі кірпік жалғап жүретіндердің қатарынанмын. Кірпігімді жасату үшін салонға ай сайын баратынмын. Басқаларын білмеймін, бірақ өзім баратын салонда кірпігімді көлеміне байланысты 6-7 мың теңгеге жалғап беретін. Осы жылдың көктемінен бастап 9-10 мың теңгеге бағасын көтеріп жіберіпті. Маникюрді 5 мың теңгеге жасататынмын, қазір оның бағасы 8 мың теңге болып тұр. Ай сайын ондай ақша қайдан? Несием, ипотекам бар. Одан бөлек тамақ ішесің, киінесің, коммуналдық қызметтерді төлейсің. Қазір мен салонға жиі бармаймын», – дейді Ақмарал.

Есесіне ол өзіне күтім жасап, әдемі болып жүрудің басқа жолын тапқан.

«Мысалы, онлайн дүкендерден бір реттік жалғанатын кірпіктерді сатып аламын. Маңызды кездесулерге баратын кезде соны жалғай саламын. Сонымен қатар тырнағымның жан-жағын тазалап, маникюр жасауды өзім де білемін. Қазір жалғайтын тырнақтарды да онлайн дүкеннен арзанға табуға болады. Жарайды, қызмет көрсету бағасы қымбаттады делік, алайда көп салон арзан косметикалар мен материалдарды пайдаланады», – деп санайды ол.

Оның айтуынша, сұлулық индустриясында да бағаны реттеу артық етпейді. Өйткені, қазір әр салонның иесі өз бағасын көтермелеп қойып жатыр. Сондықтан бүгінгі таңда бағаны реттеу мен қызмет сапасын жақсарту маңызды мәселе болып отыр.

Шаштараздардың қызметі 15,5 пайызға қымбаттаған

Статистикаға көз жүгіртсек, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда маникюр мен педикюр бағасы 22,4 пайызға және 20,8 пайызға қымбаттап, рекордтық деңгейге жеткен. Мәселен, 2024 жылы педикюр, маникюрді орташа есеппен 6-8 мың көлемінде жасатуға болатын. Қазір қаланың шеткі аудандарында 9-10 мың теңге, ал орталық аудандардағы танымал салондарда 14-16 мың теңге. 

Сұлулық салоны
Алматыдағы салондардағы баға (салыстырмалы түрде)

Кірпігім ұзын, найзадай болып тұрсын десеңіз, орта есеппен 9-15 мың теңге аралығында ақша жұмсауға дайын болыңыз. Кірпік жалғаудың бағасы да салонның деңгейіне байланысты әртүрлі. 

Сұлулық салоны
Алматыдағы салондардағы баға (салыстырмалы түрде)

Сұлулық салондарына ер де, әйел де көбіне шаш қию үшін барады. Сол себепті ол сұлулық салондарының негізгі қызметіне жатады.

Мәселен биыл әйел адамдардың шашын қию 15,5%-ға, ал ерлердің шашын қию 14,5%-ға қымбаттаған. Өңірлер бойынша шаштараздың қызметі Алматы, Астана, Ақтау қалаларында қымбат. Ал ең арзан өңірлер –Түркістан мен Семей.

Қазір шаш қидыру үшін қаланың шеткі шағынаудандарында әйелдер 5-7 мың теңге, ерлер 3-4 мың теңге төлейді. Ал орталық аудандардағы ТОП-салондарда әйелдердің шашын 14-16 мың теңгеге, ерлердің шашын 10-12 мың теңгеге қиып береді. Ескеретін жағдай, мұнда баға сіздің шашыңыздың ұзындығын қаншалықты қиятыныңызға қарай өседі.

Сұлулық салоны
Алматыдағы салондардағы баға (салыстырмалы түрде)

Алматыда төмен бағаны тек шағын аудандардағы шаштараздар мен қарапайым сұлулық салондарынан ғана табасыз. Ал қаланың элиталы аудандарында баға жоғары.

Қазақстанның әр өңірінде бағаның өсуі әртүрлі деңгейде.

Ranking.kz мәліметтеріне сүйенсек, бағаның өскені Алматы облысында байқалады (бірден 28,2 пайызға). Одан кейін Қостанай облысы (22,7 пайызға) және Батыс Қазақстан облысы (22,4 пайызға), сондай-ақ Алматы қаласы (22,1 пайызға) тұр. Ең аз баға өсімі Ақмола облысында (2,5 пайызға) және Қызылорда облысында (2,7 пайызға) тіркелген.