12 Маусым 10:00
...

Сұлулық әлемді құтқарады: Әлемдегі ең әдемі бірінші ханым кім?

Сұлулық
Фото: Коллаж NEGE

Елдің бірінші ханымы атану «бейресми лауазым» болғанымен, мемлекет басшысы атанған ерінің мәртебесі жолында жауапты қызмет. Бірінші ханымның жүріс-тұрысы, сыртқы келбеті, киім кию үлгісі қашан да халықтың назарында.

Бастапқыда «бірінші ханым» сөз тіркесі ХІХ ғасырда АҚШ президенттерінің жұбайларына қатысты қолданылған, бірақ кейінірек ол басқа тілдерге өтіп, қазір кез келген мемлекет басшысының әйелі бірінші ханым атанып жүр. Ол мемлекет басшысының жай ғана серігі емес. Бір мемлекетті басқарушы президенттің әйелі болғанға дейін олардың көпшілігінде табысты мансап болды, кейбірі саясатпен, қайырымдылықпен белсенді айналысты. Тіпті, күйеулерінен де танымал, беделді болып шыққан жағдайлар тарихта жиі кездеседі. Мәселен, АҚШ-тағы президенттік сайлауда олар үміткерді ғана емес, алдағы 4 жылда елдің бірінші ханымы атанатын әйелін де толық зерттейді.

Кез келген саясаткер үшін беделін сақтау маңызды. Ел басқаратын тұлға жайлы пікір әртүрлі жағдайда қалыптасады. Десе де, халық ең алдымен оның отбасына, жұбайына айрықша назар аударады.

Қазақстанға ел президентінің шақыртуымен Оңтүстік Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль ресми сапармен келеді. Осындай хабар жете салысымен әлеуметтік желіде Оңтүстік Корея президентінің әйелі Ким Кеон Хидің сұлулығы, киім кию үлгісі қызу талқыға түсті.

NEGE тілшісі көпшіліктің алдында өзінің сұлулығымен әлемге танылған дүниежүзі елдерінің бірінші ханымдарын зерттеп көрді.

Ким Кеон Хи. «Қуыршақ ханым»

Ким Кеон Хи
Фото: ғаламтордан

Ким Кеон Хи – Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёлдың әйелі. Оңтүстік Кореяның 51 жастағы бірінші ханымы Ким Кеон Хи өз елінде «қуыршақ ханым» атанып кеткен. Ол өз жасынан әлдеқайда жас көрінуімен көпшіліктің көзайымына айналды. Ким Кеон Хи елдегі өзінен бұрынғы бірінші ханымдарға ұқсамайды және ол шет мемлекеттердің  ханымдарынан айтарлықтай ерекшеленеді.

Талғаммен киінуі, әрдайым өз ортасынан ерекшелеп тұратын тартымдылығы оны танымал еткені сонша, Оңтүстік Кореяда бірінші ханымның фан-клубы пайда болған. Бүкіл әлем Оңтүстік Кореяның бірінші ханымы Ким Кеон Хидің мінсіз стилі мен «қуыршақ» келбетін жиі талқылайды.

Ким Кеон Хи
Фото: ғаламтордан

Ким Кеон Хи Оңтүстік Кореяның қазіргі президенті Юн Сок Ёльмен 2012 жылы шаңырақ көтерген. Ол кезде күйеуі заң және саяси салада енді ғана мансабын жолға қоя бастаған еді. 2019 жылы Юн Сок Ёл Оңтүстік Кореяның Бас прокуроры қызметін атқарады. 2022 жылдан бастап ел президенті болып сайланады, ал жұбайы Ким Кеон Хи бірінші ханым атанады.

Ким Кеон Хи, сол кезде өнер мен көркемдік іс-шараларын жоспарлау компаниясын басқарып, кәсіппен айналысқан. Ол бастапқыда көпшіліктің назарын өзіне аудартқысы келмеген екен, жай ғана мемлекет басшысының әйелі деп атауды өтінген. Алайда оның сыртқы келбетіне назар аудармай қою мүмкін емес еді.

Ким Кеон Хи
Фото: ғаламтордан

Ким Кеон Хидің сұлулығының артында пластикалық хирургияның күші тұрғанын айтып, сынайтындар да бар. Оңтүстік кореялық қыз-келіншектердің көпшілігі пластикалық отаға көп жүгінеді және елде пластикалық хирургия саласы жақсы дамыған.

Ким Кеон Хи
Фото: ғаламтордан

Ким Кеон Хи өз сұхбатында сұлулығы мен жас көрінуінің сыры өте қарапайым екенін түсіндірді. Ол жас әрі сұлу болу үшін өзін ұдайы дамытумен айналысқан. Бірінші ханымның айтуынша, әйел адам жас көріну үшін миы тыныш болу керек. Ми неғұрлым тыныш болған сайын, беттегі әжім де соғұрлым аз болады.

Рания аль-Абдалла. «Таяу Шығыстың маржаны»

Рания аль-Абдалла
Фото: ғаламтордан

Рания аль-Абдалла 1970 жылы 31 тамызда дүниеге келген. Ол – Иордания патшайымы әрі король II Абдалланың әйелі. Корольдің әйелін жақсы көргені сонша, Иорданияда көп әйел алуға рұқсат етілгеніне қарамастан, ол онымен 31 жылдан бері бірге. Олар 1993 жылы отау құрған.

Кувейттегі палестиналық босқындардың қарапайым отбасында дүниеге келген жас Рания әл-Ясин, әрине, иорданиялық тақтың патшайымы боламын деп ойламаған.

Раная отбасымен
Фото: ғаламтордан

Көпшілік оны Таяу Шығыстың «маржаны» деп атайды. Рания аль-Абдалла балалар мен әйелдер құқығы, гендерлік теңдік, қайырымдылыққа басымдық береді. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы өмір туралы мифтер мен стереотиптерді жоққа шығарушы. Ақылы көркіне сай нағыз бірінші ханым әрдайым күйеуіне қолдау көрсетіп жүреді.

Бірінші ханымның киім үлгісі мен қайырымдылық жұмыспен белсенді айналысуы ислам араб әлеміндегі әйелдерге қатысты стереотиптерді өзгертті. Бірінші ханым Иорданияны қауіпсіз туристік аймаққа айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Ол әрқашан араб әлемі мен басқа мемлекеттер арасындағы мәдени диалогты жақтап келеді. Рания сонымен қатар Әскери қызметкерлер мен олардың отбасын қолдау қоғамын басқарды.

Раная
Фото: ғаламтордан

Бірінші ханымның сүйікті дизайнерлері – Эли Сааб пен Джорджио Армани. Ол еуропалық киім үлгісі үшін жиі сынға ұшырап жүр, бірақ Рания ең алдымен сән әлемінде бизнес стандарттарының үлгісіне сай болуға тырысады.

Летисия Ортис. «Сәнқой патшайым»

Летисия Ортис
Фото: ғаламтордан

Летисия Ортис 1972 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келген. Ол – Испания патшайымы, король Филипп VI әйелі.

Летисия Ортис білікті журналистен әлемдегі ең сәнқой патшайымға айналды. Летисия испандық тәждің имиджін өзгертті. Ол – үйлену тойында ресми хаттаманы бұзған алғашқы қалыңдық.

Летисия Ортис
Фото: ғаламтордан

Летиция Ирактағы соғыста испандық әскерилердің өмірін көрсеткен репортер ретінде танымал болды. Сондай-ақ, АҚШ-тағы президенттік сайлау, Нью-Йоркте 11 қыркүйекте болған террор және Prestige танкерінің апаты туралы түсірілген жобаларға қатысты. Ол 2003 жылдың қарашасында ханзада Филиппке тұрмысқа шыққаннан кейін журналистиканы қойды.

Летисия Ортис
Фото: ғаламтордан

Үйлену тойынан кейін Летиция испан корольдік отбасының атынан шетелде жүрді және күйеуімен бірге көп саяхаттады. Олар қайырымдылықпен айналысып, түрлі әлеуметтік тақырыптарда дәріс оқыды.

Бірінші ханым өзінің дене бітімін мұқият қадағалайды және қатаң диета ұстанады. Ресми түрде ол дәрігерлердің ұсынысы бойынша пластикалық хирургтың қызметтерін бір рет қана пайдаланғанын айтқан. Ол ұзақ уақыт бойы стилистердің қызметін пайдаланбаған. Қазір Летисия Эва Фернандеспен жұмыс істейді.

Летисия Ортис
Фото: ғаламтордан

Летисияның үнемі киетін сүйікті киімі бар. Олардың бірі – қызыл костюм мен ақ блузка. Ол бұл образбен ресми қабылдауларға жиі шығады.

Мехрибан Әлиева. «Ең әдемі бірінші ханымдардың бірі»

Мехрибан Әлиева
Фото: ғаламтордан

Мехрибан Әлиева 1964 жылы 26 тамызда Бакуде дүниеге келген. Ол – Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің жұбайы. Олар 1983 жылы шаңырақ көтерген. Жас жұбайлар ол кезде әлі студент болатын.

Мехрибан – әлемдегі ең әдемі бірінші ханымдарының бірі. Бұлай деуге негіз бар. Өйткені, америкалық БАҚ 2011 жылы Мехрибан Әлиеваға осындай баға берген. Дегенмен, Әзірбайжан елінің бірінші ханымы тек сұлулығымен танымал деп айтуға болмайды. Ол – офтальмолог, екі жоғары білімі және ғылыми дәрежесі бар.

Мехрибан Әлиева
Фото: ғаламтордан

Мехрибан Алиева 2016 жылы Әзірбайжанның бірінші вице-президенті болды. Ол БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның ізгі ниетті елшісі және қайырымдылық жұмыстарына белсенді қатысады.

Қазір Мехрибан қоғамдық және саяси шараларды ұйымдастырумен айналысады.

Мехрибан Әлиева
Фото: ғаламтордан

Әзірбайжанның бірінші ханымы сәнге жақын және мінсіз талғаммен киінеді. Қоғамдық іс-шараларда сәнді көйлектер мен костюмдерді үйлестіре киіп, ерекше көзге түседі. Бірінші ханым Ralph Lauren, Karl Lagerfeld, Giorgio Armani сияқты брендтердің киімін таңдайды. Сонымен қатар ол киім үлгісінде әшекейлерге аса басымдық бермейді. Тек сырға мен нәзік алқа тағуды жөн санайды.

Асма Асад. «Шөлдегі раушан»

Асма Асад
Фото: ғаламтордан

Асма Асад – Сирия президенті Башар Асадтың әйелі. Олар 2004 жылы шаңырақ көтерген. Асма 1975 жылы 11 тамызда Лондонда Сирияның Хомс қаласынан келген иммигранттар отбасында дүниеге келген.

Сириялықтар бірінші ханымының еуропалық стильде киінетініне қарамастан, сұлулығына тәнті. Бірінші ханым сұлу ғана емес, төрт тілді білетін полиглот. Ол шетелдік журналистермен ағылшын тілінде британдық акцентпен сөйлейді. Оның еуропалық білімі және қос (Сирия және Ұлыбритания) азаматтығы бар.

Асма Асад
Фото: ғаламтордан

Сән әлемінің сыншылары Асма Асадтың барынша табиғилығына тәнті. Ол киім үлгісін таңдауда минимализмге басымдық береді. Қарапайым киінеді, бірақ талғамы өте жоғары. Paris Match оны «көлеңкеге оранған елдің жарық сәулесі» деп атаған. Vogue журналы Асма Асадқа «Шөлдегі раушан» деген лақап ат берген. 

2018 жылы Асма Асадтан сүт безінің қатерлі ісігі анықталады. 2019 жылдың тамыз айында Асманың қатерлі ісік ауруын жеңгені белгілі болды.

Ли Соль Чжу. «Жолдас Ли»

Ли Соль Чжу
Фото: ғаламтордан

Ли Соль Чжу – Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның әйелі. Ол туралы ақпарат өте аз. Алғаш рет БАҚ-та олардың заңды некесі туралы 2012 жылы айтыла бастады. Ким Чен Ын көп жағдайда көпшілік алдына әйелімен шығады. Ал осы уақытқа дейін Солтүстік Корея басшыларының әйелдері халықтың алдына шығып көрмеген. Ким Чен Ын әйелін ресми сапарларға ертіп апаратын болғандықтан, шетелдік БАҚ өкілдері оның әйелінің табиғи сұлулығы жайлы жиі жазады. Бірінші ханымның фотосуреттеріне қарағанда, ол батыстың қымбат брендтерін жақсы көретіні байқалады.

Ли Соль Чжу
Фото: ғаламтордан

Ли Соль Чжу Dior және Chanel сөмкелерін ұнатады, Red Valentino, Dior, Tiffany және Movado брендтерін пайдаланады.

Солтүстік Корея – жабық саясат ұстанатын ел. Халқының емін-еркін өмір сүруіне билік тарапынан шектеу қойылған. Десе де Ли Соль Чжу жергілікті әйелдердің өмірін сәл де болса ыңғайлы етуге тырысады. Мысалы, Ли Соль Чжу Ким Чен Ынның әйелі болғаннан кейін Солтүстік Корея басшысы елдегі әйелдерге шалбар мен джинсы киюге, платформалық аяқ киім мен өкшелі туфли киюге, велосипед тебуге рұқсат еткен.

Ли Соль Чжу
Фото: ғаламтордан

2018 жылдың жазында Солтүстік Кореяның ресми баспасөзі оны жай ғана «жолдас Ли» деп атауды қойып, оған «Құрметті бірінші ханым» деген жаңа атақ берді. Бірінші ханымның есімі шынымен Ли Соль Чжу екені белгісіз. Өйткені Солтүстік Корея әулетінде есімдерін өзгерту дәстүрі бар.