«Сұлтанов пен Цойға тықыр таяды»
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Pfizer вакцинасының 2 млн дозасы Қазақстанға келмей қалуына кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Кінәлілер кім болуы мүмкін?
Pfizer өткен жылдың мамыр айында біздің елімізге вакцинаның 2 млн дозасын бөлуді жоспарлаған. Алайда Қазақстандағы кейбір лауазымды тұлғалардың кесірінен вакцина келмей қалды.
Фото: akorda.kz
«Үкімет вакцинаның келмей қалуын Pfizer қойған кейбір шарттарға байланысты екенін айтады. Алайда бұл шарттар вакцина сатып алғысы келген барлық елдерге бірдей.
Үкіметке, Президент әкімшілігіне жағдайды ретке келтіруді, қажет препараттың біздің нарыққа келмей қалуына жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды тапсырамын», – деді Президент Қ.Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бізге жеткен дерекке қарағанда, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа тықыр таяды. Цоймен бірге оның бірінші орынбасары Марат Шорановқа да таяқтың бір ұшы оңбай тиюі ғажап емес.
Өйткені Pfizer вакцинасын елге әкелу жолында «белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын», вакцинаның қаншалықты тез келуі компанияның өндірістік қуатына ғана байланысты екенін талмай мәлімдеген – Шоранов болатын.
Фото: tengrinews.kz
Жалпы алғанда, мұндай салғырттық үшін бірді-екілі министрлер емес, Үкімет тұтастай отставкаға кетуі тиіс еді. Өйткені бұл жауапты министрлер Цой мен Сұлтановтың ғана қателігі емес, Премьер-министр Асқар Маминнің де кінәсі. Бәлкім, басты кінәлі – Маминнің өзі.
Алайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Маминнің мәселесін шешуді күзге қалдырып отырған сыңайлы. Әзірге оның орнына бірді-екілі «тоқты-торпақты» құрбандыққа шала тұруға болады...