«СУИЦИД дегенге сенбеймін»: Жасөспірім қыздың ӨЛІМІ неден болды?

ҚАНОВА мезгілсіз көз жұмды. Тергеу «өз-өзіне қол жұмсау бабы» бойынша қылмыстық іс қозғады...
Алайда, NEGE тілшісіне хабарласқан қыздың анасы Айнагүл БЕИСОВА қаршадай қызының суицид жасауына ешқандай себеп болмағанын және істің ың-шыңсыз жабылып қалғанына ашынып, президенттің атына бейнеүндеу жолдағанын жеткізді. Себебі, оның айтуынша, бұл трагедия белгісіз жайтқа толы.
А.Беисова мен қызы Адель.
– Айнагүл, қызыңыз Адельдің жұмбақ өлімі жайында айтып беріңізші...
– Қызым мектеп пен үйдің арасында ғана жүретін. Ешкімге ешбір қиянаты жоқ, балмұздақ жеп жүрген сүйкімді қыз еді. Оның математика мен жаратылыстану ғылымдарына деген құштарлығы басым болды. Сол күні Адель екеуміз бір бөлмеге жаттық. Куәгердің айтуынша, Адельді сыртқа сыныптасы шақырған. Тіпті, көзілдіріксіз өмір сүрмейтін қызым көзілдірігін де тақпаған. Әйтпесе, диагнозы – миопия -2,5. Соған қарағанда далаға асығыс-үсігіс шығып кеткен.
Бір қарасам, Адель орнында жоқ. Жапа-тармағай іздеп едік, үйдің ауласынан тауып алдық. Алғашқы медициналық көмек те жасалды. Бірақ қызымның өмірін сақтай алмадық. Ал тергеушілердің айтуынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған болып шықты.
Өзі кіп-кішкентай, нәзік қызым екі метрден асатын қабырғаға өз бетімен көтеріле алмайтынын айтпағанда, сегіз қабат арқаннан түйін түйіп, ағашқа мықтап байлап, асылып қалған-мыс. Негізі, ол физикалық тұрғыдан әлсіз болғандықтан, гимнастика сабағынан да босатылған.
Сот-медициналық сараптамалары тергеушілер айтқан өз-өзіне қол жұмсау нұсқасын растаған жоқ. Керісінше, бұл қылмысқа үшінші тұлғалардың қатысы болғанын айтады. Себебі, қыздың денесінде дене жарақаты көп. Сот-медициналық сараптама мидың маңдай бөлігінен қан кеткенін анықтады. Дәл осындай күйде бала аяғына тұрып, өз-өзіне қол жұмсай алмайды. Сол сияқты Қарағанды қаласының биосараптамасында оның киімінен қан табылған. Бірақ бұл фактілер тергеу кезінде ескерілмеді. Куәгерлерддің «қызды екі адам өлтірді» деген айғақтары ескерілмеді. Олар басынан доғал затпен ұрып, кейін арқанға іліп қойған. Менің қызым өз-өзіне қол жұмсаған жоқ. Ана ретінде айтсам, қызым үнемі күліп жүретін. Отбасында ешқандай келіспеушіліктер болған жоқ.
– Президенттің атына бейнеүндеу жолдапсыз. Президент әкімшілігінен қандай да бір жауап алдыңыз ба?
– Бұл өтінішім Алматы полиция департаменті жүргізіп жатқан тергеуге толық сенімсіздікпен қарауыммен байланысты. Істі жауып, мұрағатқа тапсырып тастаған. Тергеуші жұмысы, сараптама қорытындысы көңілге күдік ұялатады. Баланың өлімін мұқият тексеру жоқ. Болжам немесе эмоцияға емес, тек фактіні ескеру өте маңызды. Сондықтан президент Қасым-Жомарт Кемелұлынан қызымның өліміне қатысты істің қайта қаралып, тергеу Астана қаласы Ішкі істер министрлігінің білікті қызметкерлеріне тапсырылуын сұраймын. Негізі қылмыстық іспен айналысуды ешкім жоспарлаған жоқ. Елімізде суицидтер зерттелмейді деген мөр басылған тұжырымды талай рет естідім. Ал балалардың өрімдей күйінде өліп жатқаны маңызды емес!
Коллаж: ғаламтордан.
– Қызыңыздың қайғылы өліміне қатысты жүргізілген істің қалай өрбігені туралы және істі жүргізген тергеушілер мен сот-медициналық сараптама жүргізген мамандардың есімін атай аласыз ба?
– Іс Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша ЖПҚ-на жіберілді. Адельдің қайғылы қазасы ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігі бойынша №227517031001042 санымен тіркелді. Тергеуді Бекнаурыз ДӘРМЕНБЕКОВКЕ тапсыруы ең үлкен қателік болды. Мен оның әрекетін қылмыс және бір мезгілде абайсыздық деп санаймын. Оқиға болған жер жан-жақты зерттелмеген, айғақ заттар алынбаған. Менің ойымша, бұл қасақана жасалды, өйткені бетон қабырға аса ауыр қылмысты ашу үшін өте маңызды айғақ және оны мұқият тексеру қажет еді. Дәл осы екі метрден асатын қабырғаға Адель өз бетімен көтерілуге мәжбүр болған. Және арқанды тіреусіз ағашқа бекітіп, ауланың ең қараңғы бұрышында өлтірген. Бірақ қылмыс болған жердің барлық позицияларын нақты өлшеуді ешкім жоспарлаған жоқ.
Тергеуші Жанна ШЕШМҰХАНОВАҒА қосымша сараптама жүргізу туралы өтініш жіберіп едік, ол қабылданбады. Сот-медициналық сарапшы Қайрат ҚҰЛМАХАНОВ оқиға орнына барған жоқ, бірақ ол өзінің кәсіби құзыретінен шығып, ағаш арқылы көптеген дене жарақаты алынғаны туралы қорытынды береді. Бетон қабырғаның ағаш діңін қоршап тұрғаны ескерілмейді. Бұл жағдай қызымның дене жарақатын үшінші тұлғалардың салғанын тағы да растайды.
Бекнаурыз Дәрменбеков аула тұрғындарынан жауап алмаған, көрші кеңселердегі бейнекамераны тексермеді, үй-үйді аралап сұраған да жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ештеңе істемеді. Ең сорақысы, ол маңызды ақпаратты жою үшін қызымның телефонын ашып, ішіндегі айғақты өшіріп тастаған. Оны қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын.
– Алайда, тергеушілердің «Адель отбасындағы жанжалдан кейін, өз өмірін қиды» дегені қаншалықты орынды?
– Біз тұңғыш сәбиімізді көп күттік. Жалпы, бала жарық дүниеге үлкендерге баға жетпес сабақ беру үшін келеді екен. Адель мінсіз болып дүниеге келді. Өте мейірімді болды. Ол қысқа ғұмырында жүздеген, тіпті мыңдаған адамның жұрегіне жететін жарық пен махаббат қалдырды. Оның бұл өмірде құрған үлкен жоспары бар еді. Ядролық физик болғысы келетін. Арманына жете алмаған қызымды өмір бойы жоқтайтын шығармыз. Басқа аналар, басқа отбасылар мұндай қайғыдан қалай есін жиғанын білмеймін. Бірақ олар басынан кешкенін ешкіммен бөліскісі келмейтініне сенімдімін.
Фото: ғаламтордан
– Оқу-ағарту министрлігі бұл қайғылы оқиға жайында қандай да бір мәлімдеме жасады ма?
– Министрлік ештеңе деген жоқ. Бізге хабарласқан да жоқ. Тіпті, осындай жайдайға барып жатқан оқушылар оқитын мектепті де тексермеді. Былтыр менің қызымның өлімінен кейін қыркүйек айында 9-сыныптың тағы бір оқушысы қайтыс болды.
Ал Республикалық Физика-математика мектебі де үн-түнсіз. Сынып жетекшісі жауапкершілікке тартылмай, мектептің Астана қаласындағы филиалына ауыстырылды.
– Қазіргі жасөспірімдерді күмәнді достардан қорғау үшін ата-анасы не істеу керек? Елімізде осындай сұмдық оқиғалар болмас үшін не өзгеруі керек?
– Өткен өмірге қайта оралсам, балаларымды әдепті, адал адам етіп өсірмес едім. Бұл ғаламда ешкімге сенуге болмайтынын, адамды ренжітетін, өлтіретін хайуандар бар екенін айтар едім. Мұндай қаныпезерлердің орны – түрме. Елімізде балаларымыздың өмір сүруіне қауіпсіз жағдай жасалмаған. Бізде қалыпты полиция, сот, мектептер жоқ. Мемлекет қылмыспен күресе алмайды.
NEGE редакциясы арқылы оқиғаның куәгерлері табылып жатса, +77010264574 телефонына хабарласуын сұраймыз. Егер осы оқиға туралы көрген-білгендер болса, ақпаратты құпия ұстауға кепілдік беремін.