28 Ақпан 10:13

Суицид – қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы емес

Суицид
Фото: ғаламтордан

Суицид – бұл барлық жастағы адамға әсер ететін өзекті жаһандық проблема. Суицидті ойлау мен өзін-өзі өлтірудің ауыртпалығы жеке адамға, отбасына және қоғамға айтарлықтай зиян тигізеді. Сол себепті бұл мәселе мемлекеттің, медициналық мекемелердің, психологтардың және басқа да мамандардың шұғыл назар аударуын талап етеді.

Теориялық тұрғыдан өз-өзіне қол жұмсау өте қауіпті, бірақ алдын алуға болатын және болжауға болатын құбылыс. Өз-өзіне қол жұмсау 15 жастан 25 жасқа дейін және егде жаста – 70 жастан кейін жиі болатыны анықталды. Статистикаға сәйкес, әлемде өзіне-өзі қол жұмсау салдарынан жыл сайынғы өлім-жітім барлық өлімнің шамамен 1%-ын құрайды. Ерлердің әйелдерге қарағанда өз-өзіне қол жұмсау ықтималдығы 4 есе жоғары. Суицид салдарынан қайтыс болған адамдардың 90%-дан астамында психикалық патологиялардың, терең күйзеліске түскені анықталған.

Суицидтік мінез-құлық ғасырлар бойы зерттелгенімен, бүгінгі таңда суицидтің биологиялық табиғатын түсіндіретін бірде-бір теория жоқ.

Әртүрлі концепциялардың ішінде суицидтің үш негізгі теориясын бөліп көрсетуге болады. Олар: психопатологиялық, психологиялық және социологиялық.

Адамның өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлауына бірнеше себеп бар.

Психиканың бұзылуы. Оған психикалық денсаулықтың негізгі жағдайлары, соның ішінде депрессия, мазасыздық, биполярлық бұзылыс және есірткі пайдалану жатады. Бұл жағдайлардың барлығы өз-өзіне қол жұмсау туралы ойды айтарлықтай арттыруы мүмкін.

Экономикалық тұрақсыздық және кедейлік. Суицидке баратындардың көпшілігі кедейліктің зардабына шыдамай, мәселені осы жолмен шешуді ойлайды. Олардың болашаққа деген үміті болмайды. Өзгелерге және банк алдындағы қарызы артып кеткен жағдайда өзін-өзі өлтіруді жиі ойлай бастайды.

Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі. Бұл мәселе де адам өмірін оп-оңай қия салуына себепші болып отырған фактор.

Қоғамнан оқшаулану, өзін керексіз сезіну. Өзін отбасына, достарына, жақындарына керексіз сезіну. Осылайша адам өзін айналасындағы адамдардан оқшаулап, жалғызсырай бастайды. Бұл мәселені дер кезінде шешіп, бетпе-бет сөйлесіп түсінуге тырыспаса арты қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.

Өзіне жақын адамнан айырылу. Өзінің жанына жақын, ет жақынан айырылған адам өмірдің мәнін көрмейді. Енді ол адамсыз өмір сүру бекер деп ойлайды. Сол себепті де өзінің өмірін қиятын әрекетке барады.

Өзгелердің әрекеті. Басқа адамдардан жапа шегу, өзгелердің мазағына айналу немесе бір әрекетіне бола қоғамның сынына ұшыраудан қорқу. Бопсалау әрекеттері, буллинг те адамды суицид жасауға итермелейді.

Суицидтің алдын алу шұғыл және кешенді шараларды талап етеді. Шындығында кез келген суицидтік мінез-құлықты шартты түрде үш топтың біріне жіктеуге болады: шынайы, демонстративті, жасырын.

Шынайы суицидтік әрекеттер көбінесе күтпеген жерден болған сияқты көрінеді. Алайда ол ешқашан өздігінен бола салмайды. Мұндай әрекет мұқият және кішкентай бөлшектерге дейін ойластырылып жасалады. Өз-өзіне қол жұмсауға шешім қабылдаған адамның ойлауында, мінез-құлқында бұрын байқалмаған өзгерістер болады.

Дегенмен, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің көпшілігі демонстративті суицидтік мінез-құлыққа жатады. Басқалардың назарын өздеріне қаратуды қалап, сол арқылы жақындарын қорқытып, өз дегенін істетуді ойлайды. Бұл тек адамдарға манипуляция жасау үшін қойылған қойылым ғана.

Суицид
pixabay.com

Жасырын суицидтік мінез-құлық өзін-өзі өлтіру қиындықтарды жеңудің жалғыз жолы емес екенін түсінетін адамдарда байқалады. Алайда олар бұл тығырықтан шығудың өзге жолын көре алмайды. Әрекетінің дұрыс емес екенін түсіне тұра, өзін өлімге итермелейтін қадамға саналы түрде барады. Мұндай мінез-құлыққа мыналар жатады: экстремалды спортқа құмарлық, автокөлікті қауіпті жоғары жылдамдықпен айдау, әскери қақтығыстарға өз еркімен қатысу, өмірге қауіп төндіретін саяхатқа шығу, алкогольді асыра пайдалану немесе нашақорлық.

Суицид жасауды ойлап жүргендердің көбісі өлгісі келетінін жақындарына алдын ала айта бастайды. Кейбірі тіпті не себепті ондай ой мазалап жүргенін түсіне алмайды, сол себепті ет жақындарынан көмек күтеді. Суицид жайлы ойларынан арылғысы келеді. Мұндай жағдайда дер кезінде көмек көрсету шараларын жүргізу қажет. Ал кей жағдайда суицид туралы айтқан танысының сөзін жай айтылған ой деп түсініп, елемей жататындар болады.

Суицид жасағысы келетіндер кейде бұл туралы ешкімге айтпай, іштей жүзеге асыруды ойлап жүреді. Өкінішке қарай, бұл туралы жақындары тек қайғылы жағдай болғаннан кейін біліп жатады. Сол себепті де суицидтік ойлардың себептерін жою және алдын алу шараларын жүзеге асыру жан-жақты көзқарасты талап етеді.

Суицид – қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы емес. Бұрын суицидтік әрекет жасаған, депрессиялық немесе аффективті тұрақсыздығы бар және психикалық патологиялардан зардап шегетін адамдарға ерекше назар аудару керек. Суицидтің алдын алу бойынша халықаралық қауымдастықтың өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап жүргізген зерттеулері көрсеткендей, суицид жасап өлгендердің 50%-ы бұған дейін де өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген екен.

Суицидтің негізгі себептерінің қатарында генетикалық бейімділік, отбасындағы өмір сүру деңгейінің төмендігі, жақын туысынан айырылу, отбасылық қарым-қатынастардағы проблемалар, балалық шағында алған психологиялық және физикалық жарақаттар, маскүнемдік пен нашақорлық және т.б. жатады. 

Суицидті болжауға бағытталған бірнеше жалпы ұсыныстар бар. Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алудың мақсаты – қауіптілік белгілерін тану, тұлғаны жеке тұлға ретінде қабылдау, қамқорлық қарым-қатынас таныту. Өз-өзіне қол жұмсауды ойлап жүрген адам өзіне назар аударғанды қалайды. Ол өзін өзгелердің айыптамағанын, ішкі ауыртпалығын түсінгенін, ақылын айтып, қолдау көрсеткенін күтеді.

Егер күйзеліске түсу жағдайы анықталса, онда жеке адамның бұрын ұқсас жағдайларды қалай шешкенін білу қажет, өйткені бұл қазіргі мәселені шешуде пайдалы болуы мүмкін. Өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген адамды жалғыз қалдыруға болмайды. Қиындығынан шыққанша немесе кәсіби көмек келгенше жанында қалу керек. Адамның өз-өзіне қол жұмсау қаупі жоғары болса, жеке психотерапия немесе психологиялық кеңес ұсынылады. Оның негізгі нәтижесінде адам өзінің жалғыз емес екенін сезінеді.

Суицидтік ойлардың алдын алу үшін мемлекеттің, қоғамның және әртүрлі сала мамандарының көмегі қажет. Дұрыс ақпарат, психологиялық көмектің болуы, профилактикалық бағдарламаларды жүзеге асыру – мұның бәрі осы проблемамен күрестің ажырамас бөлігі болып табылады. Әр адамға деген ілтипат пен қамқорлық, қолдау мен бағыт-бағдар беру ғана суицидтік тенденцияларды барынша азайтып, әр адамның өмірін сақтап қалады.