30 Наурыз 19:39
...

Сұйытылған газдың сергелдеңі. Ақтөбе облысында НЕГЕ «жарылыс» болуы мүмкін?

Фото:

Сұйытылған газдың жетіспеуінен көресіні көп көрген өңірдің бірі – Ақтөбе облысы. Редакциямызға келген мәліметке қарағанда, мұның себебі жергілікті шенді-шекпенділердің кесірінен болуы мүмкін.

2017 жылы жазда Ақтөбе облысында газ тапшылығы қатты сезіліп, жұрт талон іздеп тентіреп кеткені әлі ұмытылған жоқ. Көлігіне «бір жұтым» газ құю үшін күнұзаққа ұзын-сонар кезекке тұрған шопырлар сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Ақтөбе облысының сол тұстағы әкімі Бердібек Сапарбаевты жеті атасынан түк қоймай боқтағанын естігендер бар.

Сол жылы Ақтөбе облысында әлеуметтік газды контрабандалық жолмен Ресейге сатып келген қылмыстық топ әшкереленді, «бағаны өзара келісіп алды» деген айыппен 16 компанияға қатысты тексеру жүріп, оның 14-іне айппұл салынды.

Фото: ratel.kz

Осы тізімде «КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС да бар екен. Бұл ЖШС туралы сәл кейінірек баяндаймыз, алдымен редакцияға келген хат пен Ақтөбе облысының прокуроры Марат Қайбжанов туралы айтайық.

Ақтөбеде «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС деген бар. «ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы, 50% үлесі – мемлекеттікі. Хатта жазылған жайттарға қарағанда, осы ЖШС арқылы кейбіреулер әлі күнге дейін сұйытылған газдан көлденең пайда тауып отырған көрінеді.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның басшылығы еншілес компаниялар арқылы бюджет қаржысын жымқырудың жүйесін жасап алған. Заңсыз әрекеттерге облыс прокуроры М.Қайбжановтың қатыстылығы туралы мәлімет бар», – дейді дереккөз.

Облыс прокуроры М.Қайбжановтың бұған қандай қатысы болуы мүмкін?

Дереккөз мәселені бұдан әрі төмендегідей тәпсірлейді:

«25 қаңтарда Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті осы компания мен оның еншілес ұйымдары құрылтайшыларының үстінен «бюджет қаржысын жымқыру ісі» бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Фото: koa.kz

Алайда М.Қайбжановтың тапсырмасымен облыстық прокуратура «қылмыс құрамы жоқ» деген желеумен істі жауып тастады.

Экономикалық тергеу департаменті бұл шешімге қарсылық танытқанымен, нақты дәлелдер болса да М.Қайбжанов арызды қараусыз қалдырды.

Мұның себебі мынада: 2021 жылы электронды сауда алаңына қатыспай-ақ «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС арқылы сұйытылған газды 351 177 794 теңгеге заңсыз алған «КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС-ға (Қостанай қ. Дорожников 2 мекенжайында тіркелген) облыс прокуроры М.Қайбжановтың тікелей қатысы бар.

Қайбжановтың Ақмола облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ға ықпалы бар, сол арқылы «КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС-ға сұйытылған газдың (әлеуметтік газ) ірі көлемі бөлінеді де, одан әрі Қостанай облысына жөнелтіледі.

М.Қайбжановтың туған бауыры Е.Қайбжанов «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қостанай өндірістік филиалының директоры, ол Қостанай қаласының аумағына газ жинақтайтын станса («КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС-ға тиесілі) салған.

Сұйытылған газ Беларусь Республикасына экспортталады, одан әрі Еуропа елдеріне көтерме бағамен сатылады.

Фото: Bloomberg

2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе облысы бойынша департаменті «КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС-ға қатысты қылмыстық іс қозғаған (№201500131000024).

Алайда М.Қайбжанов қылмыстық қудалаудан құтқару мақсатында тергеуді өзгертіп, істі Ақтөбе көлік прокуратурасына қадағалауға берген. Осыдан кейін іс тоқтатылып, материалдар Бас көлік прокуратурасының архивіне жіберілген.

Осы себептердің салдарынан Ақтөбе облысында біраз уақыттан бері газ дефициті байқалып, бағаның өсуі байқалып жүр.

М.Қайбжанов Бас прокуратураның Ішкі тергеулер департаментінің басшысы Е.Айтқұловтың, жергілікті арнайы және құқық қорғау органдары басшыларының қолдауына ие».

Өткен жылы М.Қайбжановтың үстінен қарамағындағы қызметкерлері облыстық прокуратурадағы күрделі моральдық-психологиялық жағдайға байланысты шағымданған. Соңғы жағдайларға қарағанда, бұрынғы Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовтің атына жазылған шағымнан нәтиже шықпаған сыңайлы... 

P.S. Жыл басында Жаңаөзенде газдың бағасы «Қаңтар дүрбелеңіне» қалай себеп болғанын бәріміз білеміз. Осындай «ошақтардың» бірі Ақтөбе облысы болмайтынына кім кепілдік береді? Осыны ескеріп және мәселенің басын ашып берсін деп Бас прокурор Б.Асыловтың жеке өз атына ресми сауал жолдадық.

Тегтер: