11 Мамыр 15:59
...

Судья Светлана Жолманова: Қауіпсіздігіме қатты алаңдаймын!

Фото:

28 сәуір күні Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованың ұсталғанын, кабинетінен ірі көлемде ақша тәркіленгенін хабарлады.

Іле-шала әлеуметтік желіде заңгер Айгүл Орынбек судьяның кабинетінен 4500 доллар, үйінен 2 800 000 доллар, көлігінен 600 000 доллар және құрылыс компаниясынан алған 1 180 000 доллар табылғанын жазды. Алайды бұл жалған болып шықты. Судьяның кабинетінде 10 000 доллар болған.

С.Жолманованың «ұсталуына» байланысты дақпыртты іс ушығып барады. Судьяның өзі әлеуметтік желі арқылы «өзін ешкім ұстамағанын, кабинетінен табылған ақшаны қылмыстық іске ешқандай қатысы жоқ екенін, Алматы қалалық сотының төрағасы мен Медеу аудандық сотының төрағасы ҰҚК қызметкерінің көмегімен өзіне қарсы арандату ұйымдастырғанын» мәлімдеді.

Судьяның сөзіне қарағанда, бірнеше ай бұрын оның кабинетіне жасырын камера орнатылған. Жолманова әлеуметтік желідегі парақшасында камера орнатылған жердің фотосын жариялады.

«Менің пайымдауымша, жасырын камераны ҰҚК қызметкері әрі Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайыловтың кеңесшісі Сұлтан Тойбаев кабинетіме заңсыз орнатқан. Заңсыз тінтуге қатысып, тінту кезіндегі фотоны жариялаған да сол.

Менің ізіме түсуді жеке бас араздығынан қалалық соттың басшылығы ҰҚК департаменті қызметкерімен бірлесіп жасаған деп ойлаймын. Оған менің тәуелсіздігім мен олардың сот ісіне араласуына мүмкіндік бермеуім себеп», – деп жазды С.Жолманова.

Бүгін «Интерфакс Қазақстан» алаңында Светлана Жолманова журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

«Маған қарсы әрекеттердің бәрі қолдан ұйымдастырылған. Тінтуге санкциялары болған жоқ. Менің кабинетте телефон ұстап отырған фотомды ҰҚК қызметкері Сұлтан жариялап жіберген. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырғандықтан ғана ертеңінде Нұр-Сұлтан қалалық тергеу соты санкция берген. Маған қатысты қылмыстық іс жоқ, мен тек куәгермін», – деді С.Жолманова.

Адвокат Жанна Меркушева былай деді: «Кабинеттен табылған ақша пара болса, онда неге ақшаны арнайы құрылғымен тексермеді? Жасырын камера қоюға да санкциялары болмаған».

Кабинеттен табылған ақша да журналистердің назарын аударды. Бұл не қылған ақша? Неге кабинетте тұр? Бұл сұраққа Жолманова былай жауап берді: «Бұл – үй жағдайымды жақсарту үшін ипотекаға пәтер алу үшін жиналған ақша. Құрбымнан қарызға алдым. Ақшаны үйде сақтау қауіпті. Өйткені балаларым үйде. Сол себепті кабинетімдегі сейфте сақтаулы тұрды».

Конференцияға қатысқан тағы бір адвокат Мақсат Рахметжанов кінәсіздік презупциясы бұзылғанын мәлімдеді.

«Тінту сот санкциясынсыз жүргізілген. Жасырын видеобақылау арқылы сегіз ай заңсыз жазған. Бұдан бөлек, соттың кеңесу бөлмесінің құпиясы да бұзылды. Судьяның кабинетіне заңсыз тінту жүргізілген соң кінәсіздік презумпциясы аяқ асты болды. Сот шешімі шықпастан судьяны қылмыскер етіп көрсетті», – деді адвокат Рахметжанов.

Журналистер С.Жолмановаға: «Бауыржан Байбектің жұбайымен жақын қарым-қатынаста екеніңізді неге жиі айтасыз?», – деген сұрақ қойды.

Жолманова былай деп жауап берді: «Әлеуметтік желіде мені судья етіп Бауыржан Байбек тағайындағаны туралы жалған ақпарат тарады. Бауыржан Қадырғалиұлының менің тағайындалуыма ешқандай қатысы жоқ. Бұл менің намысыма тиді. Б.Байбектің жұбайымен қатар құрбылар екеніміз, бірге оқығанымыз рас. Сол себепті ғана бір мәрте осыны мәлімдедім. Жиі айтқан жоқпын».

Судьяның бөлмесіне жасырын камераның қалай қойылғаны да журналистердің қызығушылығын тудырды.

«Өткен жылы тамызда кабинетке жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бәлкім, жасырын камера сол кезде қойылған болуы мүмкін. Бірде кабинетке бөтен адам кіріп, гүл қойыпты. Хатшы оны флорист деді. Осы адамнан да күдіктенемін», – деді С.Жолманова.

С.Жолманова «Медеу аудандық сотының төрағасы А.Боранбаев менің кабинетіме камера қойылғанын білген» деп есептейді.

«Менімен татуласуға келгенде Боранбаев кабинетке кірмей, басқа жерде сөйлескісі келетінін айтты. Ол неге кабинтте сөйлескісі келмеді? Яғни менің кабинетіме камера қойылғанын білген», – дейді Жолманова.

Қысқасы, С.Жолманова өзінің арандатуға ұшырағанына және ол арандатушылар Алматы қалалық сотының төрағасы А.Смайылов пен оның кеңесшісі С.Тойбаев және Медеу аудандық сотының төрағасы А.Боранбаев екеніне сенімді. «Өйткені сот ісіне қатысты олардың кейбір тапсырмаларын орындаудан бас тарттым. Сол себепті арамызда жеке бас араздығы туындады», – дейді ол.

Жолманова алдағы уақытта өзіне қатысты түрлі «псевдодәлелдер» (өңделген аудио-видеожазбалар) пайда болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Сондай-ақ ол бүгін конференция алдында «алматылық сот басшыларына қарсы шығып жүргендіктен өзінің, бала-шағасының және туыстарының өміріне қатты алаңдайтынын» мәлімдеген болатын.

Бізге жеткен дерекке қарағанда, айыптаушы тараптың қолында С.Жолманованың ісіне қатысты аудио-видео деректер шынымен де бар және оның кейбірі алдағы күндері әлеуметтік желілерде жариялануы әбден мүмкін. Ал оның шынайылығын дәлелдеу құзырлы органдардың еншісінде.  

Тегтер: