Су тасқыны болған өңірлерде 66 медпункт жұмыс істеп тұр - ДСМ
Су тасқынына қарсы кезеңде халыққа медициналық көмек көрсету туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Алматы, NEGE. Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде 66 медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Медициналық персонал мен психологтардың кезекшілігі ұйымдастырылған. Су басқан өңірлерде бүгінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар қоры жеткілікті.
Төтенше жағдай режимі жұмыс істейтін барлық өңірде 309 жүкті әйел бақылауда тұр, 253 әйел босанды. Ең көп бала Ақтөбе, Қостанай, БҚО-да дүниеге келді, - деді Әйгерім Оразалиева.
Ресми өкілдің хабарлауынша, эвакуациялық нысандарда 5 300-ге жуық бала бар. Оның 71-і стационарлық көмек, 87-сі амбулаториялық ем алады. Эваконысандарда медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсетуге 1 160 медицина қызметкері, оның ішінде 278 дәрігер, 838 мейіргер, сондай-ақ 79 психолог жұмылдырылған.
Одан бөлек, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мақсатында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде халық пайдаланатын ауызсу сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БҚО-ға сапары барысында «Батыс су арнасы» компаниясының суды тазартудың технологиялық сызбасымен және ауызсу сапасын бақылау зертханасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығы БҚО филиалының ауызсу мен тамақ өнімдерінің сапасын бақылауда шешуші рөл атқаратын зертханаларының жұмысын бағалады.
Онда ауызсудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнде су үлгілерінің зерттеулері жүргізіледі, – деді ресми өкіл.
Солардың нәтижелері бойынша, бүгінде инфекциялық аурулардың су арқылы таралу қаупі төмен екеніне көз жеткен. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті бақылауында.
Сонымен қатар, курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен зардап шеккендерді тегін қабылдайтын 16 санаторий-курорттық ұйым нақтыланған. Бұл нысандар бір мезгілде 190 адамды қабылдай алады. Оңалту курсы 10 күннен 14 күнге дейін болады. Бұл зардап шеккендерді мүмкіндігінше санаторийлік еммен қамтуға мүмкіндік береді.