Су тасқыны болған өңірде сәбилерге Тасқынбек пен Тасқынби есімі қойылған
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегі қарағанда, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаннан бері 1846 сәбидің өмірге келгені тіркелген.
Алматы, NEGE. Нәрестелердің арасында 961 ұл, 885 қыз бар.
«Атырау қаласында бір отбасы дүниеге келген тұңғыш ұлын Тасқын-би есімімен атауды жөн көріп отыр. Ал, Индер ауданындағы сәбидің біріне Тасқынбек есімі қойылды. Бұл – отбасындағы сегізінші бала», – дейді облыстық азаматтық хал актілерді тіркеу басқармасының басшысы Алмагүл Төремұратова.
Бір қызығы екі ұл да бір күнде өмірге келген. Нәрестелердің туған күні – 29 сәуір.
Соңғы статистикалық мәліметке қарағанда, Атырау қаласында Мұхаммад есімі көп берілген. Жыл басынан бері 32 сәби аталған есімді иеленіп отыр. Ал, 19 балаға Хамза, 15 ұлға Айсұлтан есімімен туу туралы куәлік алынған.
Қыздардың арасында Айша есімі танымал болып, 33 бұрымға қойылған. Бұдан соң 31 Медина, 29 Асылым, 27 Сафия есімі тіркелген.
Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Асулан Абдрахмановтың айтуынша, 5 сәуірден мамырға дейін жүкті аналар 42 сәбиді дүниеге әкелген. Нәрестелердің арасында 20 ұл, 22 қыз бар.
Соның бірі – Құлсары қаласының тұрғыны Жұлдыз Жандосқызы 6 сәуірге қараған түнде босанғаннан. Бірнеше сағаттан кейін Бейнеудегі ауруханаға эвакуацияланған.
«Ұлымды түнгі сағат 00:00-де өмірге әкелдім. Сол кезде Құлсары қаласына тасқын су кіріп, жұрт әбігерге түсіп жатқан еді. Бұл – тұңғышым. Содан болар, сәбиім үшін алаңдадым», - дейді Жұлдыз Жандосқызы.
Жас ананың айтуынша, ата-енесі немересіне Бекзат есімін берген. Алайда, сәбидің бүркеншік есімі де бар.«Біз оны Тасқынбай деп еркелетеміз. Өйткені, су тасқыны кезінде өмірге келді. Туыстарымыз да осылай әзілдейді», – дейді Жұлдыз Жандосқызы.