20 Қараша 12:36
...

Студенттер арықтауға көмектесетін фитнес-білезік жасады

.
Фото: Фото: жеке мұрағаттан

Алматыда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің жас студенттері денсаулық пен спорт саласына тың серпін беретін ерекше жобаны іске қосты. «Qutty Band» деп аталатын жаңа фитнес-білезік қарапайым қадам санап, жүрек соғысын бақылайтын құрылғы ғана емес. Бұл – адамның ұйқысын, тамақтануын, жаттығу әдетін және мотивациясын бір жүйеге біріктіретін кешенді экожүйе. Жобаның авторлары 20 жасар студенттер – Әлнұр Жолдас, Андрей Казабеев және Никита Быков.

Жоба авторларының айтуынша, білезік жасау идеясы өздеріне өмір салтын толық бақылап, денсаулықты жан-жақты қадағалайтын құрал қажет болғандықтан туған.

«Үшеуміз бала кезден спортпен айналыстық. Денсаулық біз үшін әрқашан маңызды болды. Қазіргі көптеген білезіктер тек жүрек соғысы немесе қадамды өлшейді. Ал өмір салтын толық бақылап, адамға әдетін өзгертуге көмектесетін құрал аз. Сол үшін өзімізге де, басқаларға да пайдалы өнім жасағымыз келді», – дейді жоба кофаундері Никита Быков.

Олардың айтуынша, Qutty Band тек жүрек соғысы мен қадам санын көрсететін құрылғы емес, адамның өмір салтын толық басқаруға арналған жүйе. Қолданушыға тамақтануды бақылау, дене құрамын өзгерту (рекомпозиция), салмақ түсіру немесе бұлшықет жинау сияқты жеке мақсаттарға арналған жоспарларды жүргізу мүмкіндігі беріледі. Әлемдік брендтер көбіне бір-екі бағытқа назар аударса, Qutty Band олардың барлығын бір орталыққа шоғырландырып, қолданушының күнделікті өміріне толық әсер ететін цифрлық ассистент рөлін атқарады.

«Қолданушы өзіне кейіпкер таңдайды. Жақсы ұйықтап, жаттығу жасап, белсенді болса, кейіпкер күшейеді. Ал режим бұзылса, кейіпкер де әлсірейді. Бұл адамға басқаша мотивация береді», – дейді дизайнер Андрей Казабеев.

Білезіктің алғашқы нұсқасын жасауға небәрі екі апта кеткен. Студенттердің айтуынша, ең күрделі кезең қолданбаны App Store-ға жүктеу процесі болған.

«Apple-ге құрылғының медициналық мақсатқа арналмағанын дәлелдеу біраз қиындық тудырды. Көп түнді ұйқысыз өткізуге тура келді», – дейді Әлнұр Жолдас.

Қазір «Qutty Band» ресми сатылымда. Алдағы уақытта команда қосымшаны кеңейтіп, жаңа функциялар енгізуді, сондай-ақ ТМД нарығына шығуды жоспарлап отыр.