«Істің топтық қылмыс ретінде қаралмауы Айтымның командасының қателігі» – Шерзат Полаттың әпкесі

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында (Талдықорған) Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыпталушыларға сот үкімі шықты.
Үкім шығып, сот отырысы аяқталғаннан кейін марқұм Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова журналистердің сауалдарына жауап берді. Оның айтуынша, істің топтық қылмыс ретінде қаралмауына Айтбек Амангелдінің командасы себеп.
«Сот үкімімен, амал жоқ, келісеміз. Негізі бізде бірінші болған адвокаттардың еңбегі, солардың обалына кеткен дүние. Бұл жерде «Бұзақылық» бабымен емес, «топтық қылмыс» болып кетуі керек еді. Бірақ, біздің соңғы сот процессінен бастап алынған қорғаушыларымыздың еңбегінің арқасында осы дәрежеге жеткеніне шүкіршілік етеміз. Басынан қазіргі қорғаушыларымыз болғанда сотталушылар бұл баптармен кетпейтін еді. Шикілік жібергені үшін және бізге хабарламағаны үшін тергеу ісін жүргізгендер және Алматы облысының прокуратурасы жауап беруі керек. Біздің бірінші адвокаттар, Айтым мырзаның командасының, тергеу комитетінің жіберген қателіктері көп», – деді Шерзаттың әпкесі.
Олар іс-материалдарын сотқа 10 күн қалғанда алған.
«Мейірман (Шекеев) ағалардың жинаған адвокаттарымен сотқа 10 күн қалғанда іс-материалдарын алдық. Оған дейін біз Айтымнан да, басқаларынан да алған жоқпыз. Қазір үкіммен келісуге тура келеді. Бұл іс сотқа да жетпеуі мүмкін еді», – дейді Нұрымова.