23 Сәуір 12:30
...

Стати Қазақстаннан тағы да ұтылды

Фото:

Бұл жолы ол Ұлттық банктің жарты миллиард долларына дауласқан еді. Англия Соты Ұлттық Банктің резерві Қазақстанның заңды қаржысы деп шешті.

Соттың қалай аяқталғаны туралы Әділет министрлігі жазады. Анатол мен Габриель Стати Bank of New York Mellon (BNYM) лондондық филиалында орналасқан Ұлттық Банк резервінен жарты миллиард доллардан астам қаражатына тыйым салуға әрекеттенген еді.

2017 жылдың қазан айында Стати тарабы бельгиялық соттардан BNYM-ге жолданған атқару бұйрығын алды. Соның негізінде BNYM 22 млрд АҚШ долларын құрайтын Ұлттық банк шоттарына тыйым салды. Әділет министрлігі мен Ұлттық банк тыйым салынған қаражат сомасын 530 млн АҚШ долларына дейін төмендетті. 2018 жылдың 25 мамырында бельгиялық сот дауды шешу үшін Англияның сотына сілтеме жасады. Ағылшын соты бұл мәселені төрткүндік сот процесінде қарап, 2020 жылғы 22 сәуірде шешім шығарды.

Стати заңгерлері ағылшын сотына 530 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі ақша қаражаты Қазақстан Республикасы алдындағы BNYM берешегін құрап, бельгиялық тыйым салуды қолданудың аясына кіреді деп хабарлады. Судья Тир олардың дәлелдерін қабылдамай тастап, мынадай шешім қабылдады: Қазақстан Республикасы BNYM мен Ұлттық банк арасындағы жаһандық депозитарлық келісімнің тарабы болып табылмайды, жаһандық депозитарлық келісім бойынша BNYM міндеттемелері тек қана Ұлттық банкке тиесілі (Қазақстан Республикасына емес), жаһандық депозитарлық келісімге сәйкес BNYM-нің Қазақстан Республикасына ақшалай қаражатты төлеу бойынша міндеттемелері жоқ, Қазақстан Республикасының жаһандық депозитарлық келісімге сәйкес BNYM депозиттеріндегі ақша қаражатына қатысты BNYM-ге қандай да бір талап қою құқығы жоқ. 

"Англияның Жоғарғы соты тағы да Статиге қарсы шешім шығарды. Үш жыл бұрын бұл сот төрелік шешім Стати тарапынан алаяқтық жолмен алынды деп ойлауға жеткілікті дәлел бар екенін анықтады. Қазір сот олар бөгде заңды тұлғаның активтеріне тыйым салды деп қаулы етті. Біз бұрынғыдай Стати алаяқтығына қарсы күрес үшін барлық қажетті шараларды олар таңдаған әрбір юрисдикцияда қабылдауға дайынбыз", - деді, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Осы сот шешімі Қазақстаннан 530 млн АҚШ долларына өндіру бойынша сот берген төрелік шешімді орындатқысы келіп жүрген Статидің соңғы талпынысы болмақ. Қазақстанның Әділет министрлігі Стати төрелік шешімді алаяқтық жолмен алды деп жер жерде дәлелдеп келеді. Енді Стати Англия аумағында Қазақстанға қатысты сот процессін жүргізуді ешқашан қозғамау бойынша міндеттемені мойнына алып отыр.

Тегтер: