Stadler вагондары жолға шығуға дайын: билет сатылымы басталды
5 қарашадан бастап қазақстандықтар Stadler компаниясы шығарған жаңа вагондармен қатынайтын пойыздарға билет сатып ала алады. Алғашқы пойыздар Астанадан Алматыға 11 қарашада, Семейге 13 қарашада жолға шығады.
Астана, NEGE. «Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, вагондар ауа температурасын реттеу жүйесімен, әр орынға арналған жарық шамдарымен, USB және USB-C қуаттау ұяшықтарымен, сондай-ақ бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Пойыздар құрамында ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тіскебасарлар сатып алуға болатын буфет вагондары бар.
Купе вагондарында 40, плацкарт вагондарында 56 орын қарастырылған.
Пойыздардың жүру кестесі:
№3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы күн сайын қатынайды:
- Нұрлы жол станциясынан сағат 13:10-да жөнелтіліп, Алматы-2 станциясына келесі күні сағат 08:30-да келеді.
- Алматы-2 станциясынан сағат 12:12-де жөнелтіліп, Нұрлы жол станциясына келесі күні сағат 07:03-те келеді.
№153/154 «Нұрлы жол – Семей» айдың тақ күндері қатынайды:
- Нұрлы жол станциясынан сағат 16:40-та жөнелтіліп, Семей станциясына келесі күні сағат 06:10-да келеді.
- Семей станциясынан сағат 15:00-де жөнелтіліп, Нұрлы жол станциясына келесі күні сағат 05:05-те келеді.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол вокзалдарының билет кассаларынан сатып алуға болады.