16 Наурыз 12:04
...

«Спутник V» VS «QazCovid-In». Вакцина жеткілікті ме?

Фото:

Енді біз коронавируспен бірге өмір сүруге мәжбүрміз. Одан сақтанудың жолы – екпе ғана. Бұған дейін де пайда болған вирустардан осылай қорғандық. Мұны мойындамасқа лаж жоқ. Сонымен, 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы екпе салуды бастаған Қазақстанда жыл соңына дейін 6 млн адамға екпе салынбақ.

15 ақпаннан бастап «Спутник V» ресейлік вакцинаның Қарағанды фармацевтика кешенінде әзірленетін дозалары егіле бастады. Әлгі 6 миллионның 2 миллионын жылдың бірінші жартысында қамтыса, ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде – 600 мың адамға салынады. Үкімет сәуірден бастап қазақстандық QazCovid-In вакцинасы егілетінін мәлімдеді. Қазір QazCovid-In сынақтың үшінші кезеңінен өтіп, 3 мың еріктіге екпе салынды. Министрлік қазақстандық екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген.  

«Халық денсаулығы туралы» Кодекстің 77-бабы бойынша, кез келген екпе, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация ерікті түрде жүзеге асырылады. Азаматтар вакцинациядан жазбаша түрде бас тартуға құқылы. 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды.

Сонымен, 1 ақпанда басталған бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қабылдау бөлмелері, санэпидқызметтің медицина қызметкерлері вакцина ала бастады. 1 наурызда басталған екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО-дың, педагогтар, медицина қызметкерлері, ал 1 сәуірден бастап мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтары, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдар екпе салдырады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясовтың айтуынша, елде коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын алғысы келетін адамдар аз емес.

Е.Қиясов

«Өңірлерден халықтың жекелеген топтарын вакциналау үшін вакцина дозасын ұлғайту туралы өтінім үнемі түседі. Сұраныс өте көп. Менің атыма да кәсіпорын басшыларынан, қарапайым азаматтардан, тағы басқалардан күн сайын өтініш келіп жатады. Сұранысты қанағаттандыруға тырысып жатырмыз, вакцина өндірісін ұлғайтамыз», –  деді вице-министр.

Айта кетсек, бүгін, 24 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген «Спутник V» вакцинасының алғашқы 90 мың дозасы өңірлерге жөнелтіледі. Вакцина отандық зауыт аумағынан «СК-Фармацияның» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбедегі төрт хабына жеткізіледі. Кейін бірыңғай дистрибьютор препараттарды қалған өңірлерге тасымалдайды. Вакцина әр өңірге әкімдіктерден түскен өтінімдерге қарай бөлінеді.

Қарағанды фармацевтикалық кешені наурыз айында вакцинаның 150 мың дозасын шығаруды жоспарлап отыр. Ал сәуір айынан бастап препарат өндірісінің көлемі 600 мың дозаға дейін жетеді екен.

Тілшіміз Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, екпе салдырудың қалай жүзеге асып жатқанын сұрады.

– Біз екпе туралы ақпаратты күн сайын беріп отырмыз. Қазір баспалдақ бойынша жүріп жатыр. 6 млн адамды жыл соңына дейін бөліп тастады. Бірінші баспалдақ бойынша 69 мың адам екпе алды. Бұл бойынша қорда әлі 45 мың доза бар. Екінші баспалдақ бойынша 19 мыңға жуық адам салдырды. Бұл бойынша 18 мыңға жуық доза бар. Тіркелген жерінде өз еркімен әуелі дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері екпе алып жатыр. Ешкімді мәжбүрлеу жоқ. Екпе дозасы жеткілікті. Сұраныс та артып отыр, – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, Қазақстан Ресейдің «Спутник V» вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсаған. Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, бюджетте жалпы 10 миллиондай адамды қазақстандық, ресейлік және басқа екпемен қамтамасыз етуге жететін қаржы қарастырылған, оның көлемі шамамен 50 миллиард теңге.

«Соның ішінде Ресей вакцинасының 2 миллион дозасы бар. Екі дозаға 20 доллардан, жалпы 14 миллиард теңге», – деген М.Шоранов.

Тегтер: