«Спутник V» тиімсіз бе? Дәрігер екпеден соң қалай вирус жұқтырғанын айтты

Алматыда репродуктивті медицина институтында жұмыс істейтін гинеколог-эндокринолог Иван Мельников COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғаннан кейін коронавирус жұқтырып алған. Ол «Спутник V» екпесін 2 наурызда алған. Мән-жайды білу үшін тілшіміз дәрігердің өзіне хабарласты.
– Қайырлы күн, Иван! Коронавирусты екпе салғаннан кейін жұқтырып алғаныңызды қалай білдіңіз?
– 2 наурыз күні екпе салғыздым. Себебі, дәрігер ретінде алдыма қаншама пациент келеді. Сақтануды жөн санадым. Екпені алған кезде ешқандай кері әсері болған жоқ. Менің медбикем және тағы бірнеше қызметкер вакцинациядан кейінгі алғашқы үш күнде әлсіздік сезді, денесі ауырып, дене қызуы 37,5 градусқа дейін көтерілді. Ал менде алғашқы бірнеше күнде мұндай белгілер байқалмады.
Бәлкім, мен екпе алғанға дейін ауырған шығармын. Коронавирус инфекциясының ағзаға әбден дендеп алуына 15-16 күн кетеді.
Мендегі жағымсыз әсер бір аптадан кейін пайда болды. Яғни, 8 наурызда кешке таман әлсіздікті сездім. Оған да мән бермедім. Бірақ келесі күні таңертең әлсіздік күшейіп, құрғақ жөтел қысты. Содан күшейіп, арқа мен аяғым қақсап, басым ауырып, қызуым көтеріле бастады. 10 наурызда COVID-19-ға тест тапсырдым. Келесі күні инфекция жұқтырып алғаным белгілі болды. Дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жаттым. Демек, вирусты екпе алғанға дейін жұқтырып алуым әбден мүмкін. Екінші нұсқа – екпе алғаннан кейін де вирусқа шалдығу ықтималдылығы жоғары. Яғни, ағзада антидене қалыптасып үлгермесе, вирус жұғады. Мұндай да болады.
– Негізі тәжірибеде екпе алған соң вирус жұқтыру дерегі кездесе ме?
– Әрине, әлем бойынша мұндай жағдай көп. Мәселен, бір мәліметтен көрдім, екпе салғызған 14 964 адамның 16-сы індет жұқтырған. Зерттеулерге қарасақ, кейде екпе алған адамда қарсы тұратын иммунитет, антидене қалыптаспауы да мүмкін. Сондықтан мамандар екпе коронавирус инфекциясынан толық қорғай бермейтінін де жоққа шығармайды.
Әлемдік медицинада коронавирустан қорғаныс дәрежесін вакцинация нәтижесінде пайда болған антиденелер деңгейімен байланыстыруға мүмкіндік беретін нақты мәліметтер жоқтың қасы. Біріншіден, антидене аз немесе жеткілікті мөлшерде пайда болуы мүмкін. Олар жеке адамға байланысты мүлдем дамымауы да мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлар өте аз. Екіншіден, ешкім антиденелердің қандай деңгейі вирус жұқтырмауға жеткілікті екенін сенімді айта алмайды. Бұл – әлемдегі барлық вакцинаға ортақ түйткіл.
– Екпені өз еркіңізбен салғыздыңыз ба?
– Әрине, өз еркіммен алдым. Бұл «екпе дұрыс әсер етпейді, салғызуға болмайды» деген сөз емес. Сондықтан екпе дұрыс әсер етпеді деуден аулақпын. Вакцина – жақсы. Тек менің екпе алуда жолым болмаған шығар, кім білсін?! Антидене болмағаннан кейін ағзам вируспен бетпе-бет келіп, күресе алмады. Бірақ халық міндетті түрде екпе салғызу керек деп есептеймін. Бұл – вирустан құтылудың бірден-бір жолы. Оны салғызбайынша, науқастар саны азаймайтын түрі бар. Өзім екпе алғаннан кейін ауырсам да, ағзамда антидене бірте-бірте қалыптасады. Коронавирус екпе салған соң анықталса да, ол адам ауруды жеңіл өткізеді. Сондықтан міндетті түрде екпе алған жөн.
– Бұған дейін вируспен ауырған жоқсыз ба? Қайдан жұқтырып алуыңыз мүмкін?
– Жоқ, ауырған жоқпын. Алғаш рет жұқтырып тұрмын. Қайдан жұқтырғанымды өзім де білмеймін. Бәлкім, дүкенде, көшеде, жұмыста. Қазір індет қайта өршіп жатыр. Халық барынша сақтық шараларын қолға алу керек. Дұрысы – жаппай екпе алу қажет.
– Сәуірден бастап Qazcovid-in екпесі салына бастайды екен. Сіз алған «Спутник V» екпесін халық ақпаннан бері салғызып жатыр. Қайсысын алуға кеңес бересіз?
– Отандық екпені жасап, өздеріне сынап көрген вирусолог-дәрігерлермен сөйлестім. Олар екпенің жақсы екенін айтып, толық мақұлдап отыр. «Спутник V» екпесі де үш циклды сынақтан өтті. Оның дұрыс екеніне жұрттың көзі жеткен. Сондықтан еш қорықпастан салғызу керек.
– Қазір тәуір болдыңыз ба?
– Иә, жазылдым. Бір апта ауруханада жаттым, екінші апта үйдемін. Тағы қайталап айтам, вирус екпе алғаннан кейін жеңіл өтіп кетті деп ойлаймын...