USD
USD
USD

Спортты көпшілікке қолжетімді ету: Көк-Жайлау қандай мүмкіндік ашады?

Қазақстанда спортпен шұғылданатындар көбейіп келеді. Алайда бұқаралық спорттың дамуы тұрғындардың қызығушылығына ғана емес, жаттығатын орындардың қолжетімділігіне де байланысты.

Шаңғы
Фото: Pixabay.com

Алматыда салынып жатқан Көк-Жайлау тау курорты осы мәселені шешуге бағытталған жобалардың бірі болмақ. Мұнда балаларды шаңғыға үйрету, әуесқойлардың жаттығуына жағдай жасау және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тауда демалуына арналған инфрақұрылым қарастырылған.

Қазақстанда спортпен айналысатындар көбейді

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы тамызда жариялаған зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда үш жастан асқан тұрғындардың 47,7%-ы дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 46,5% болған.

12 мың үй шаруашылығын қамтыған сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 19,2%-ы бос уақытында өз бетінше жаттығатыны, 28,1%-ы білім беру ұйымдарындағы сабақтарға қатысатыны анықталған. Ал кәсіби спортпен айналысатындардың үлесі небәрі 0,4%.

Бұл деректер бұқаралық спортқа қызығушылық артқанын көрсетеді. Дегенмен адамдардың тұрақты жаттығуы үшін спорт нысандарының болуы жеткіліксіз. Оған жету оңай, пайдалану ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы керек.

Мұны 2026 жылы Cities ғылыми журналында жарияланған зерттеу де растайды. Ғалымдар балалардың спорт алаңдары мен қоғамдық демалыс орындарына қаншалықты жиі баратынын зерттеп, нысандардың қолжетімділігі олардың санынан да маңыздырақ екенін анықтаған.

.
Pixabay.com

Жаңадан үйренетіндерге басымдық беріледі

Алматыда жүзеге асырылып жатқан Көк-Жайлау жобасының ерекшелігі де осында. Курорт тек тәжірибелі шаңғышыларға емес, қысқы спортқа енді қызыға бастаған адамдарға да арналған.

Жоба бойынша жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын тау шаңғысы жолдары салынады. Олардың 70%-ы балалар мен жаңадан үйренетіндерге бейімделмек. Сондай-ақ 11 аспалы жол қарастырылған. Курорт бір күнде 10 мыңнан астам шаңғышыны қабылдай алады.

Трассалардың басым бөлігін үйренетіндерге арнау маңызды. Өйткені тау шаңғысымен айналысу үшін күрделі жолдарды бағындыру міндет емес. Жеңіл еңістер балалардың алғашқы дағдыларды меңгеруіне, ал ересектердің спортты қауіпсіз жағдайда бастауына мүмкіндік береді.

Мектеп оқушылары тауда дене шынықтыра алады

Көк-Жайлау аясындағы маңызды бастамалардың бірі – мектеп оқушыларына арналған сабақтар.

Kazakh Tourism Development Алматы әкімдігімен бірге дене шынықтыру сабақтарын болашақ курорт аумағында өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мақсат – балаларды қысқы спорт түрлерімен ерте таныстыру.

Мұндай тәжірибе Еуропада бұрыннан бар. Компанияның басшысы Ержан Еркінбаев келтірген мәліметке сәйкес, Аустрияда жыл сайын 80 мыңнан астам, Швейцарияда 128 мыңнан астам оқушы мектеп бағдарламасы аясында шаңғымен айналысады. Франция мен Италияда да оқушылардың тау курорттарына баруын қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді.

Қазақстанда да осындай жүйе қалыптасса, балалардың қысқы спортпен танысуы ата-анасының мүмкіндігіне ғана тәуелді болмайды. Мектеп бағдарламасы арқылы шаңғы тебуді үйренген оқушылар кейін спорт секцияларына жазылып, тұрақты жаттығуы мүмкін.

Тауға шығу баршаға қолжетімді бола ма?

Жаңа курорттың тағы бір бағыты – инклюзивті орта қалыптастыру.

Жобаға сәйкес, аспалы жолдар балалар арбасымен жүретін ата-аналарға, егде жастағы тұрғындарға және мүгедектігі бар адамдарға бейімделеді. Медеуден Күмбел шыңына дейін, шамамен 3400 метр биіктікке көтерілу мүмкіндігі қарастырылған.

Ержан Еркінбаевтың мәлімдеуінше, балалар, зейнеткерлер және мүгедектігі бар адамдар аспалы жолдарды тегін пайдалана алады.

Бұл бастама тау демалысын тек спортшылардың емес, әртүрлі жастағы тұрғындардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруға бағытталған.

:
Pixabay.com

Курорт тек қыста жұмыс істемейді

Көк-Жайлау жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орны ретінде жоспарланған. Қыста шаңғы мен сноубордқа басымдық берілсе, жазда жаяу серуендеу, тау бағыттарымен жүру және ашық ауадағы белсенді демалыс түрлерін дамыту көзделген.

Осылайша бір инфрақұрылым бірнеше мақсатқа қызмет ете алады: балалар спортпен танысады, әуесқойлар жаттығады, ал отбасылар демалыс күндерін тауда өткізе алады.

Көк-Жайлау құрылысы басталған. Үкімет жариялаған кестеге сәйкес, курортты 2028 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланып отыр.

Жаңа инфрақұрылымның бұқаралық спортқа нақты әсері оның қаншалықты қолжетімді болатынына байланысты. Сабақ бағасы, жол жүру мүмкіндігі, жаттықтырушылардың болуы мен балаларға арналған бағдарламалардың тұрақтылығы шешуші рөл атқарады.

Егер осы мәселелер ескерілсе, Көк-Жайлау туристер баратын демалыс орнымен ғана шектелмей, тұрғындар тұрақты спортпен айналысатын орталыққа айнала алады.

Қазір оқып жатыр

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған адам ұсталды

.

Қазақстандықтар такси шақыра алмай жатыр: «Яндекс Go» жұмысында ақау шықты

такси

Қайрат Нұртастың концертіндегі дүрбелең: ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді

ұрлық

Қайрат Нұртастың концертіндегі қарбаласта бір қыз ауыр халде ауруханаға жеткізілді

Қайрат