11 Қазан 18:07

Жәмила Бақбергенованың сыңары: Жәмиланың ұтылғанына өзімді кінәлі сезінемін

Фото:

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды. Байрақты дода Норвегияның Осло қаласында өтті. Қазақстан қоржынына – бір күміс және бір қола медаль. 

Қос жүлденің де тәп-тәуір салмағы бар. Құраманың көшбасшысы Алмат Кебіспаев жұбаныш белдесуінде Мурат Фиратты (Түркия) 7:4 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Осылайша ол әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері атанды.

Күміс жүлдені алған Жәмила Бақбергенова финалға жейін жетіп, жапондық Масако Фуруитиге есе жіберді. Фуруити 2019 жылғы әлем біріншілігінде де Жәмиланың жолын кесіп, қоланы қағып әкеткен. Десе де, Жәмила ересектер арасындаға әлем чемпионатында мықты екенін дәлелдей алды. Ослода күміс алды. Бұл – әлем чемпионатындағы әзірге алғашқы медалі.

Жәмила жарыстан кейін олимпиадалық салмаққа ауысатынын, бас бапкер Нұрлан Аманқосов шәкіртінің ақтық сында неге жеңілгені жайлы БАҚ-қа сұхбат берді. Біз Жәмила жайлы оның сыңары Мәдинадан сұрап білдік. Мәдина да Жәмиламен іспетті күреспен айналысады. 

– Мәдина, ең әуелі қуаныштарыңызға ортақпын. Кеше тікелей эфирді көрдік, тақым қысып, жанкүйер болдық! Қанша жерден күміс болса да алтыннан қымбат екені белгілі. Бапкер де, Жамила да кешегі күн жайлы айтып жатыр. Сіз не айтасыз?

– Мен өте қуаныштымын. Мейлі күміс, мейлі басқа медаль болсын, бастысы сыңарымның аман-сау, еш жарақатсыз келгені қуантады. Әрине, бәріміз негізгі мақсатына жетсе екен дедік. Өйткені осы жүлдені алу үшін қаншама қиыншылықты еңсеруге тура келді. Бұл күміс құдай қаласа алтын алуға мотивация болады деп ойлаймын. 

– «Масако Фуруити – Жәмила үшін ыңғайсыз қарсылас» деген пікір айтылуда. Екеуі үш рет кездесіпті, оның екеуінде жапондық айласын асырып кеткен. Осыған қарап боз кілемде айла да керек екен деп қаласың. Айтыңызшы, Жамила өмірде қандай жан? 

– Жәмила Фуруитимен 3 рет кездесіп, біреуінде жеңген. Жапон қызы менің сыңарымды әбден зерттегені көрініп тұр. Жәмиланың күресін біліп алған. Бауырым өте мейірімді әрі қарапайым. Бірақ, намысшыл, өзіндік мінезі бар. 

– Бауырыңызды сізден артық білетін ешкім жоқ. Оның мүмкіндіктері жайлы айтыңызшы. Қандай жетістіктерге жетуге лайықты?

– Мен оған сенемін. Бір күміспен тоқтап қалмайды. Алла сәтін салса, болашақта әлем, олимпиада чемпионы болады. 

–  Сіз де спорттың қазанында қайнап жүрсіз. Ел ішінде әйел азаматтарға спортпен айналысқан қиын деп жатады. Бұған қандай уәж айтасыз? 

– Барлық спорт түрі қиын деп ойлаймын. Ол мейлі ер азамат болсын, әйел азамат болсын маңдай тер төкпесең, жетістікке жете алмайсың. 

– Ата-анаңыз, бауырларыңыз жайлы айта кетсеңіз. Екеуіңіз бірдей спортқа барғанда қарсылық көрсетпеді ме?

– Біздің үйде бәрі спортты жақсы көреді. Ата-анамыз әр жарысқа аттанған сайын тақым қысып отырады. Әкеміз футбол ойнаған, анамыз балаларын тәрбиелеп келеді. Бізден үлкен Балнұр атты әпкеміз, Нұрдәулет есімді кіші бауырымыз бар. Жәмила екеуміз бірдей спортқа барғанда үйдегілер қуанды. «Бір-біріңе серік болып, үнемі бірге жүресіңдер» дейтін. Осы жолы Жәмиланың ұтылғанына өзімді кінәлі сезінемін, жанында болуым керек еді... 

Тегтер: