Тұрсынғали Еділов: Біздің боксшыларды федерация мен бапкерлері шаршатты

28 шілде, 19:34
Тұрсынғали Еділов: Біздің боксшыларды федерация мен бапкерлері шаршатты
Фото: prosports.kz

Төртжылдықтың басты додасы – Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары қазақстандық боксшылар үшін тым сәтсіз басталды. Жұрт жүлде күткен былғары қолғап шеберлері финалға өтпек түгілі, бастамай жатып жарыс жолынан шығып қалды. Ел көкейінде «Неге?» деген заңды сауал тұр. Мұның жауабын бір кездері талай чемпионды баптаған Тұрсынғали Еділов Nege.kz тілшісіне айтып берді.

– Тұрсын аға, амансыз ба? Қазақ боксына не болды? Кешелі бері жеңілістен көз ашпады, біздің жігіттерге не жетіспей жатыр?

– Бұл жауаптың қаншалықты маңызы бар, оны білмедім. Өйткені, қателік бұған дейін жасалды. Шынын айтқанда біздің жігіттер шаршап қалған. Олимпиадаға дейін дұрыс демалып та үлгермеді. Сбордан-сборға шапқылап «мәре-сәре» болды. Оларды бапкерлер, бокс федерациясы шаршатты. Жігіттер олимпиадаға жолдама алғаннан кейін жақсылап тынығуы керек еді.

– Сонда оқу-жаттығу жиындары, түрлі жарыстар артық болды деп есептейсіз бе?

– Әрине, басым көпшілігі артық. Өткен жолы Азия чемпионатына қатысты айтқанымдада осыны негізге алғанмын. Бұлар тіпті, сол Азияның өзіне бармауы керек еді. Ал бізде қайтеді? Әрі-бері шапқылайды да жүреді. Сол сбордың қандай пайдасы, нендей зияны барын ойлап жатқан ешкім жоқ.

Мәселен, ел шулап, талқыға түсіп жатқан Абылайхан Жүсіповты алайық. Қарсыласы Абылайхан секілді керекті-керексіз оқу-жаттығу жиындарына қатыспаған. Тың келген.

Тіпті, статистикасын қарасақ, өткізген кездесулер саны жағынан Абылайхан 4 есе алда. Бұлар Абылайханды әбден шаршатып, сілелетіп, күш пен жігерін сарп еткен де, олимпиадаға боксшы бос келді деуге болады. 

– Бұл басшылықтың қателігі ме?

– Бұған басшылық та, бапкерлер де тікелей жауапты. Тіпті, құраманы жасақтайтын, оған жауапты барлық маманның қателігі. 

– Василий Левит үмітті ақтай алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты. Оның нокаутқа түсуіне қатысты не айтасыз? 

– Мен не айтайын, өзі де түсінген шығар. Жасы келді, қою керек қой.

Т.Еділов шәкірттерімен. 

– Қоңқабаев пен Аманқұлға өткен сұхбатта оң баға бердіңіз. Олар ертең шаршы алаңға шығады. Бәлкім, осы сұхбатты жарысқа дейін оқып қалар, егер бапкері сіз болып, олардың жанында тұрсаңыз қандай ақыл айтар едіңіз?

– Біраз нәрсе айтар едім, қастарында болмаған соң не деймін? «Жігер мен намыс керек, жігіттер! Аянып қалмайық, алға ұмтылмасақ болмайды! Атойлап жүріп жеңу керек! Бүкіл Қазақстан сендерге үміт артып отыр!» дейтін едім.

#левит #еділов #бокс #федерация