16 Маусым 20:14

Токио Олимпиадасы: Қазақстандық спортшылардың киім үлгісі қандай болады?

Фото:

2020 жылдың жазында өтуі тиіс болған Олимпиадалық ойындар коронавирустық инфекцияға байланысты 2021 жылға қалдырылды. Байрақты бәсекені асыға күтіп жүрген жанкүйерлер 2021 жылдың 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Олимпиада ойындарын тамашалай алады. 

Әлбетте, қалың көпшілікті спортшылардың дайындығынан басқа қандай киім киіп шығатыны да қызықтырады. 4 жылда бір келетін додада Қазақстан құрамасының спорттық киім үлгісі талай мәрте сынға да ұшыраған болатын. Биылғы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы қандай киім үлгісімен шығады? Спортшыларға арнайы киімді кім тігіп жатыр? Қандай өзгешеліктері бар?

Қазақстан Олимпиадалық құрама командасының киім үлгісінің дизайнына жарияланған ашық конкурс нәтижесі 2020 жылдың басында белгілі болған. 2019 жылдың 14 қазан күні Қазақстан ҰОК 2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысатын Қазақстан Ұлттық құрама командасының парадтық және спорттық киім үлгісінің дизайнына ашық конкурс басталғанын жариялаған. Нәтижесінде 19 қатысушы жұмысын жіберген еді. 

Жеңімпаздарды арнайы комиссия құрамы анықтады. Оның құрамына Қазақстан ҰОК спорт дирекциясы мен Ұлттық паралимпиадалық комитетінің өкілдері, Қазақстан ҰОК спортшылар комиссиясының мүшелері кірді. Комиссияның қорытынды отырысы бойынша «КазСПО-N» ЖШС Zibroo Active Sportswear «спорттық форма» және «Marino Madi» ООО «парадтық форма» жеңімпаз атанған.

Zibroo

Marino Madi

Nege.kz сайтының тілшісі Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жолдаған сауалына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов жауап берді. 

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан құрамасының жаңа спорттық, парадтық формаларын маусым айының соңында көре аламыз. 

«Қазақстандықтардың барлығы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын асыға күтеді. Бұл жағдайды Ұлттық Олимпиадалық комитет өз бақылауында ұстап отыр. Айдың аяғына дейін спорттық киімдердің қандай болғанын көреміз. Форманы өзіміздің ұлттық компания тігіп жатыр. Кейбір элементтері шетелдік жаңа инновация бойынша дайындалуда. Форма ойымыздан шығады және дұрыс болады деп сенемін. Сәл шыдамдылық танытайық, осы айдың аяғына дейін форманы таныстырамыз. Әр Олимпиада сайын формалар да өзгеріп отырады. Жыл сайын өз ерекшелігімен көзге түседі», – деді Ерлан Қожағапанов. 

Вице-министрдің сөзіне сенсек, алаңдауға негіз жоқ. Ерлан Қожағапанов осы жолғы спорттық киіміміз Лондондағы, Риодағы Олимпиадан да әдемі болатынына сендірді. 

Тегтер: