21 Сәуір 18:51

Токио-2021: Спортшыларымыздың символын әзірлеуге байқау жарияланды

Фото:

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымыздың символын әзірлеуге ашық байқау жариялады.

Алматы, NEGE. Атап айтқанда, «TeamKZ» жазуының үлгісін және логотиптің графикалық кескінін дайындауға конкурс жарияланып отыр.

Жұмыстар 21 сәуір - 2 мамыр аралығында қабылданады. Байқаудың жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайды. Жеңімпазды анықтау үш кезеңнен тұрады.

Байқау жұмыстарының алғашқы іріктеуін ҰОК комиссиясы өткізеді. Оның құрамына Олимпиадалық комитеттің қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар мен дизайнер кіреді.

Екінші кезең 4-5 мамырда Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы жүргізіледі. Онда жанкүйерлер үздік жұмыстардың шорт-тізімін анықтауға көмектеседі.

Үшінші кезең өтетін 6-8 мамыр аралығында іріктелген жұмыстар Қазақстанның ұлттық командаларының спортшыларына және олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерацияларға жіберілетін болады.

Әр команда мен федерациядан бір дауыс есептеледі. Көп дауыс жинаған жұмыс байқау жеңімпазы атанады.

Нәтижелер 11 мамырда www.olympic.kz сайтында жарияланады.

Бірінші орын алған жұмыстың авторына 700 мың теңге беріледі.

Сондай-ақ 150 мың теңгенің екі ынталандыру сыйлығы бар. Байқау туралы ережені Қазақстан ҰОК сайтында конкурстың арнайы бөлімінде табуға болады.

«Жазғы Олимпиада ойындары биыл, ал қысқы Олимпиада ойындары келесі жылдың басында өтетіндігін ескерсек, жарыстың маңызы арта түседі. Сондықтан, Ұлттық Олимпиада комитеті барлық шығармашылық адамдарды, сондай-ақ Қазақстанның олимпиадалық командасының жанкүйерлерін белсенді қатысуға және ел олимпиадасының символын жасауға үлес қосуға шақырады», – делінген ҰОК сайтында.

Тегтер: