15 Қаңтар 09:59

Шелектің төрт қызы – чемпион

Фото:

Күні кеше Талдықорған қаласында бокстан қыздар арасындағы облыстық чемпионат аяқталды. Оған Алматы облысының түкпір-түкпірінен жетпіске жуық спортшы қатысқан.

Алматы, NEGE. 2002-2003 жылы туған жастар мен 2004-2005 жылы туған жасөспірім қыздар арасындағы тартыс үш күнге созылды. Жарыстың соңғы күнінде шын мықтылар іріктеліп, финалдық бәсеке басталды. Бір қызығы, 12 салмақ бойынша өткен чемпионаттың 4 бірдей бас бәйгесін Шелектің қыздары ұтып алған. Олар: Алянур Тұрғанова (44 келі), Шынар Күнболат (46 келі), Оразгүл Әшімбаева (48 келі), Нағима Ержан (54келі).

Шелектегі №2 спорт мектебінің жаттықтырушысы Самат Ахметов былай дейді: «Сөгетіде, Қорамда және Шелекте шәкірттерім бар. Жалпы, біздің өңірде қыздар арасындағы бокс жақсы дамыған. Оған Ержан Нұрқалықов, Айдос Әкімжанов, Әркен Даутов сынды жаттықтырушылардың сіңірген еңбегі мол. Бұл жолы шәкірттеріміз 12 салмақтың 4-еуінде үздік шықты. Демек Алматы облысы бойынша әрбір үшінші жүлде – біздікі. Шәкірттеріміз үмітті ақтады. Бұйырса, Олимпиадаға қатысқан Жайна Шекербекова, екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай сынды бойжеткендер енді біздің ауданнан бой көрсетуі тиіс».

Естеріңізге сала кетейік, облыстық чемпионаттан үздік шыққандар Павлодар облысында өтетін Қазақстан біріншілігіне жолдама алған.

Тегтер: