20 Тамыз 15:16

Сәкен Бибосынов: Алтын ала алмай қалғаным үшін жыладым

Фото:

Қазақ «тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді. Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары да әне-міне басталады деп жүріп, біткенін байқамай да қалдық. Адам баласына тән эмоцияның бәрін байқап, сан түрлі сенсацияның куәсі болдық. Олимпиададан алтынсыз қайтпаған Қазақстан құрамасы қоланы қанағат тұтты. Тіпті, осы біріншіліктегі фаворит боксшыларымыз алтынмен алыстан қоштасты.

Боксшылар ел қоржынына екі қола қосты. Алғашқысын команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев, екіншісін – Сәкен Бибосынов. Жасыратыны жоқ, Бибосыновтан ешкім жүлде күтпеді. Тіпті, оның Олимпиадаға бару-бармауы соңғы сәттерде шешілгенін білеміз. Бәлкім, спортшыны осы жаныған шығар?! Осы және өзге де сұрақтарды Nege.kz тілшісі Сәкеннің өзінен сұрап, білді. 

– Сәкен, эмоцияның адамы екенің шаршы алаңда байқалды. Олимпиададан кейінгі көңіл-күй қандай?

– Жартылай финалды көрген жанкүйерлер қолдау көрсетіп, әліге дейін «сен біз үшін чемпионсың» деп жігерлендіріп жатыр. Шын мәнінде мен ол жекпе-жекте ұтылған жоқпын. Алғашқы раундты беріп қойсам да, қалған екі раундта таза ұттым. Төрешілер есепті бұрмалап жіберді. Мұндай сәтте эмоцияңды іркіп қалу мүмкін емес. Көзімнен еріксіз жас шықты. Әділетсіздік үшін, қазақ елінің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды шырқата алмағаным үшін, алтын ала алмай қалғаным үшін жыладым. 

Фото: Reuters

– Алда қандай мақсат-жоспарың бар?

–  Енді небәрі 3 жыл қалған Париж Олимпиадасына барып, қазақ елінің кеткен есесін қайтаруды мақсат еттім. Оған дейін әлем біріншілігі, Азия ойындары болады. Сол байрақты бәсекелерде алтын алып, қазақ халқын қуантқым келеді. 

Оған дейінгі атқаратын ісім қайырымдылық болғалы тұр. Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі мемлекеттік сыйақыны жағдайы төмен отбасыларға беремін деп шештім. Бізге облыс басшылары, бокс федерациясы жеткілікті мөлшерде сый беруде. Сол үшін оларға да рахмет айтамын.

– Париж Олимпиадасына барып жатсаң қандай қателікті қайталамас едің?

– Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары үлкен сабақ болды. Париждегі додаға жолдама алып жатсам, қарсыластың бәрін айқым басымдықпен жеңемін. Сол үшін барымды саламын. Сонда ешкім жеңісті тартып ала алмайды.  

– Осы Олимпиадада қазақ халқы сіздің тілеуіңізді тілеп, тақым қысты. Ал, сіз ше, кімге жанкүйер болдыңыз? 

– Бұндай байрақты бәсекеде шетелдің спортшыларына жанкүйер бола алмайсың. Боксты сұрасаңыз, әр салмақта өз бауырларымның тілеуін тіледім. Басқа спорт түрлерінен сынға түскен қазақстандық спортшыларға жанкүйер болдым. Елге тегіс алтын алып келсек деген арманым болды. Бәрінен де дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Елдос Сметов ағамыз алтын алса екен деп тілекші болдым. Рио Олимпиадасында күміс алған ағамыз осы жолы алтын алса екен дедім.

Олимпиада алтынын алу кез келген спортшының басты мақсаты екенін жақсы білемін. Болашақта қазақстандық спортшылар Олимп шыңын талай бағындыратынына кәміл сенімдімін. 

Тегтер: