22 Желтоқсан 19:47

Райымқұлова НЕГЕ бас бапкерді тағайындай алмай отыр?

Фото:

Жуырда допинг дауына іліккен Жасұлан Қыдырбаев «Алексей Ни ол кезде менің жауым еді, соның қысымы болды» деп сұхбат берді. Бұған дейін ауыр атлетика саласындағы былық-шылықтың салдарынан Альберт Линдер өз өзіне қол жұмсаған болатын.

Nege.kz тілшісі ауыр атлетика саласындағы ауыр тақырыпты ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға қойды. Бір қызығы вице-министр Серік Жарасбаев «кеудесін оққа тосып», бастығын арашалап алғысы келді. Бірақ орынбасарының шала-шарпы сөзіне көңілі толмаған болуы керек, кейбір сұрақтарға Ақтоты Рахметоллақызының өзі жауап берді.

Бұған дейін «Алексей Ни өз шәкірті Бақыт Ахметовті ұлттық құраманың (27.05.2020 ж) бас бапкері етіп, ауыр атлетика саласын өз бақылауына алып отыр» деген айыптау айтылған болатын. Әйтсе де соңғы дау-дамайдан кейін (19.10.2021 ж) Бақыт Ахметов қызметтен кетіп, министр оның орнына Дәурен Бекмұханбетовты (07.11.2021) тағайындаған болатын. Бір қызығы, жиынның өткеніне бір айдан асса да Ақтоты Райымқұлова өзі ұсынған бас бапкерді бекіте алмай отыр.

Орталық коммуникациялар алаңында министрге қойылған сұраққа вице-министр Серік Жарасбаев жауап берді. Оның айтуынша, атлетика саласында көптеген сұрақтар туындап отыр.

«Бұл мәселелер Мәдениет және спорт министрлігінің қадағалауында. Қазіргі уақытта Ауыр атлетиканың бұрынғы бас бапкері жұмыстан шығарылатын болды. Бірақ жаңа жаттықтырушы әлі қабылданған жоқ. Себебі біздің заң бойынша, бас жаттықтырушы лауазымына әр федерация мен Ұлтық Олимпиада комитетімен ақылдасып, өз ұсынысын бізге жіберу керек. Ол сұрақ қазіргі уақытта қарастырылып жатыр. Біз ұсыныстарымыздың берген болатынбыз. Бұл мәселе осы жылдың аяғы немесе келесі жылдың басында шешіліп қалады», – деді ол.

Вице-министрдің жауабынан кейін «Министр ұсынған бапкер ұлттық құраманы жаттықтармай ма?» деген сұрақ туындады. Бұл сұраққа Ақтоты Райымқұлованың өзі жауап берді.

«Талдықорғанда өткен республикалық чемпионаттан кейін бүкіл облыстардың бас бапкерлерімен отырыс болды. Олармен бірге ақылдасып, сөйлесіп, Дәурен Бекмұханбетов деген азаматты бас бапкер болуға лайықты деп есептедік.

Жалпы заң бойынша біздің бұл ұсынысымызды федерация Ұлттық Олимпиадалық комитетпен бірге Спорт комитетіне ұсыныс ретінде беру керек. Сонымен қатар осы сұрақты жылдың аяғында ауыр атлетика федерациясында ұйымдастырылатын конференцияда қарастыратын боламыз. Сондықтан бұл сұрақ жылдың соңына дейін шешіледі деп ойлаймын. Жалпы заң бойынша рет ретімен келе жатыр», – деді министр.

Жуырда Жасұлан Қыдырбаев Алексей Ни маған кедергі келтіріп, қысым жасады деп сұхбат берді ғой. Отандық спортшыларды шеттетіп, легионерлерді жинап алған экс-бапкер Ташкенттегі әлем чемпионатына барды. Альберт Линдердің өзіне қол жұмсауы және ауыр атлетика саласындағы допингтен кейін Нидің ұлттық құрама сапында болуы қаншалықты дұрыс? Экс-бапкерді ұлттық құрамадан аластатуға министрдің шамасы келмей отыр ма?

Бұл сұраққа Серік Маратұлы жауап берді.

«Жасұлан Қыдырбаевтың сұхбатын оқыдым. Кезінде оған допинг пайдаланды деген айып тағылған болатын. Осыдан кейін ол жарыстардан және ұлттық құрамадан шеттетілді.

Ни бойынша айтар болсам, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло Олимпиада медальдарынан айрылғаннан кейін бас бапкер Алексей Ни және басқа да адамдар лауазымынан айрылған. Мен оның Ташкентте барғанын білемін. Бірақ ол мемлекеттік немесе Ұлтық Олимпада ұйымдардан емес, өзі жеке барған шығар. Бірақ бізден қолдау немесе рұқсат берілген жоқ.

Бұған дейін ұлттық құраманың бас бапкері болған Бақыт Ахметов жұмыстан шығарылған болатын. Заң бойынша федерация Ұлттық Олимпиада комитетінің келісімімен бізге ұсыныс беру керек. Бірақ біз министрліктің атынан өз кандидатурамызды берген болатынбыз», – деді вице-министр.

«Алексей Ниді алдағы жарыстарда жолатпауға министрліктің шамасы жете ме?» деген сұрақ қойдық. Орынбасарының жауабына көңілі толмады ма, әйтеуір бұл сұраққа министрдің өзі әу деді.

«Спорт және дене шынықтыру заңы бойынша, жоғары дәрежелі спортқа мемлекеттік тапсырыс арқылы Ұлттық Олимпиада комитеті жауап береді. Министрлік пен Олимпиадалық комитетінің арасында осындай келісім-шарт жасалған. Сондай-ақ әрбір спорттың түрі бойынша федерация құрылып, олар өз бетінше жұмыс істейді. Заң бойынша бас бапкерді тағайындау үшін федерацияның ұсынысы болуы керек. Және ол ұсыныс Ұлттық Олимпиада арқылы келісілуі керек. Сондықтан осы жылдың соңына дейін бұл сұрақ шешіледі деп ойлаймын.

Алексей Ни бойынша айтар болсам, министрлік немесе федерацияның атынан оны Ташкенттегі әлем чемпионатына ешкім жіберген жоқ. Жалпы өз тарапынан барған адам. Жалпы министрлік пен федерация немесе Ұлттық Олимпиада комиетінің арасында қарқынды жұмыс жасалып жатады. Көп сұрақтар туындаған болса олар шешімін табатын болады», – деп жауап берді А.Райымқұлова.

Білдей бір министр ұсынған Дәурен Бекмұханбетовтың бір айдан бері бас бапкер болып бекітілмегені түсініксіз. Сондай-ақ спортшыларды зар-еңіретіп жүрген Алексей Нидің Ташкентке өз бетімен баруын және команда жұмысына белсенді араласып жүруін жұрт түсіне алмай дал. Бір сөзбен айтқанда, ауыр атлетика саласындағы былық-шылықты реттеуге Мәдениет және спорт министрлігінің шамасы жетпей отыр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: