27 Наурыз 12:56

Путинцева жеңіліп қалды

Фото:

Қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады.

Алматы, NEGE. Осы жарыстың 26-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева доданы екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 95-орында тұрған сербиялық Нина Стояновичпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте сербиялық спортшы брейкпен алға кетті. Дегенмен Ю.Путинцева таразы басын өзіне аудара білді – 7:5.

Екінші сетті қарсыластар брейк алмасумен бастады – 1:1. Сосын қазақстандық теннисші алға кетті – 3:1.

Бұдан кейін Стоянович есепті қысқартқанымен, Путинцева қайта брейк жасап, өз геймін де алды – 5:2.

Дегенмен матчқа доп бергенде, қарсыласына мүмкіндік беріп қойды – 5:4. Стоянович доп бергенде, матчболын пайдалана алмады.

Қарсыласы брейк жасап, алға кетті – 6:5. Ақыры сет Стояновичтің уысында кетті – 7:5. Үшінші, шешуші партияда Путинцеваның қателескенін пайдаланған Стоянович қос брейкке қол жеткізді – 3:0.

Ол екінші сетті қосқанда, қатарынан 9 геймді алды – 4:0. Матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2. Тартысты бәсеке 2 сағат 46 минутқа созылды.

Н.Стоянович үшінші айналымда әлемнің 2-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін жеңімпазы, жапониялық Наоми Осакамен кортқа шығады.

Ол екінші айналымда тартысты кездесуде рейтингте 77-сатыдағы аустралиялық Айла Томляновичті 7:6 (7:2), 6:4 есебімен ұтты. Жапониялық теннисші осылайша қатарынан 22 жеңіске қол жеткізді.

Тегтер: