7 Қыркүйек 09:29

Путинцева US Open турнирінің ширек финалына шықты

Фото:

Қазақстандық Юлия Путинцева US Open турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Дүниежүзілік рейтингте 35-орында тұрған Ю.Путинцева төртінші айналымда әлемнің 15-інші, осы доданың (жүлде қоры – 53,4 млн доллар) 8-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен кездесті. Матч US Open жарысының бас корты – Артур Эш стадионында болды. Коронавирус індетіне байланысты басқа додалар сияқты, АҚШ-тың ашық чемпионаты да көрерменсіз өтуде. Қазақстандық теннисші биыл 25-ке толса, тәжірибелілеу қарсыласы 29 жаста еді. Бұл олардың өзара алғашқы ойыны болатын. Ю.Путинцева бірінші партияда брейкпен алға шықты – 2:0. Тағы бір брейкпен өз геймін алды – 5:0. Есеп 1:5 болып, қазақстандық теннисші сетке доп бергенде, П.Мартич брейк жасады. Дегенмен Юлия төртінші сетболын пайдалана білді – 6:3. Екінші сет басында қазақстандық спортшы үш бірдей брейкпойнтын мүлт жіберді. Есеп 3:2 болғанда, тартысты геймде П.Мартич брейкпен алға кетті – 4:2. Бұдан кейін Ю.Путинцева медициналық үзіліс алғанымен, хорватиялық теннисші сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2. Үшінші, шешуші партияда Юлия брейкпен алға шықты – 1:0. Тағы бір брейк – 3:0. Сосын есепті 5:1-ге жеткізді. Есеп 5:2 болып, Путинцева матчқа доп бергенде, қарсыласы брейк жасай алды. Есеп 4:5 болғанда, Мартич та медициналық көмекке жүгінді. Бұдан кейін Юлия матчты жеңіспен тәмамдай білді – 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 27 минутқа созылды. Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет US Open турнирінің ширек финалына шықты. Ю.Путинцева ширек финалда әлемнің 44-ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэдимен шеберлік байқасады. Д.Брэди төртінші айналымда күтпеген жерден кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 23-сатыда тұрған германиялық Анжелика Керберді 6:1, 6:4 есебімен ұтып кетті. Бұл – осыған дейін «Үлкен дулыға» турнирінде ширек финалға шығып көрмеген америкалық спортшының әзірге ең жоғары табысы.

Тегтер: