19 Тамыз 11:48

Нұрислам Санаев, Токио олимпиадасының қола жүлдегері: Қазақстан – екінші үйім

Фото:

Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары бозкілем шеберлері үшін оңайға соқпады. Кілемге шыққан балуандарымыз бірінен соң бірі жеңіліп, жүлдеден қағылды.

Әлеуметтік желідегі жұрт «жауырыны жерге тимеген елміз» деп жүргеніміз кәні» деп сынап жатты. Абырой болғанда ел намысын ұлты тывалық Нұрислам Санаев (Артас Санаа) қорғап, ел қоржынына қола салды. Осы қоладан кейін Нұрислам жайлы желіде жазба, талқылау көбейді. Санаев алғашқылардың бірі болып мемлекеттік сыйақыны (75 мың АҚШ доллары) қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.

Nege.kz тілшісі көкейіндегі біраз сауалды жүлдегерге жеткізіп, жауап алды. 

– Олимпиаданың ақшалай жүлдесін қайырымдылыққа жұмсамақ екенсіз. Бірақ, қиыншылық көп көргеніңізді білеміз. Өзіңіздің материалдық жағдайыңыз оңалды ма? 

– Мен үшін Олимпиада ешқандай да бизнес емес, оның ақшалай жүлдесін жинақ капиталы ретінде ойлап та көрмеппін. Иә, Олимпиадаға бару, одан жүлделі қайту бала кезгі арманым еді. Сол арқылы тапқан табысымды жоқ-жітікке, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, сырқат балаларға берсем деп армандайтын едім.

Олимпиада жүлдегері болсам деген арман мен қайырымдылықтың салмағы бірдей болды. Қазір сол арманды жүзеге асыратын мүмкіндік туды. Мен де оны пайдаландым.

Токиодан жүлделі қайтып, екінші арманымды орындамағанда мен өзімді бақытсыздар санатына жатқызатын едім. Ал, қазір бақыттымын! 

– Қазақстандық балуандарға Токио бозкілемінде не жетпей жатты?

– «Мына нәрсе жетпей жатты» деп айту қиын. Өйткені біз бұл додаға бару үшін талай күш-жігер мен уақыт сарп еттік. Өз басымнан айтсам, сенсеңіз, отбасыма дұрыс уақыт бөле алмадым. Үлкен баламның қалай 5 жасқа толғанын байқамай қалыппын. Кішісі де 3 жасқа толды. Уақытымыздың басым бөлігі жаттығумен залда, табиғат аясында, одан қала берді оқу-жаттығу жиындарында өтті.

Фото: olympic.kz 

Токиоға келсек, елге Олимпиада алтынын сыйласам деген бір ғана ой, ол үшін бір ғана мүмкіндік болды. Мүмкіндік берілгеннен кейін барымды салдым, бір ғана қателік жіберіп, чемпиондық атақтан қағылып отырмын. Бәрі біз ойлағандай болмады.

– Сіз үшін «Қазақ», «Қазақстан» деген сөз нені аңғартады?

– Қазақстан Республикасы – екінші үйім. Мұнда жаныма жақын адамдар, бауырларым тұрады. Сол себепті «Қазақстан» дегенді естігенде «менің үйім» деп айтамын.

– Токиода ел намысын қорғау үшін қандай қиындықтан өтіп, жанкештілікке бардыңыз?

 – Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына бару үшін алдымнан шыққан сан түрлі қиындықты еңсеруге тура келді. Жанкештілік дейсіз бе, бәлкім, еңбек шығар әйтеуір мына бір оқиғаны айтқым келіп тұр.

Рио Олимпиадасындағы сәтсіздік мені қатты шыңдады, үлкен сабақ алдым. Жеңілген күні түнімен ұйықтай алмадым. Риоға дейінгі төгілген терді, өткен өмірімді ойлап, «болашақта кім болам» деген сауал мазалады.

Бір қарасам, таң атып келе жатыр екен. Бойымды тіктеп алдым да өз-өзіме «келесі олимпиадаға барып, чемпион атанғың келсе қазір тұр да жаттығу жаса» дедім.

Осылайша жеңілісімнен жеңіс іздеп, Олимпиада қалашығына шығып жүгіріп кеттім. Сондағы бар ойым «қарсыластарым ұйықтап жатқанда, мен жаттығу жасап, олардан бір қадам алда тұру» болды. Жүгіріп келе жатып алдыма қарасам, таяқ тастам жерден қарауытқан біреуді көрдім. Ол Өзбекстан құрамасының балуаны екен. Сол кезде қарсыластан оңай айла асыра алмайтынымды түсіндім. Күні-түні жаттықтым десем де болады. Осыдан-ақ Токиодадағы дода қаншалықты тартысты өткенін аңғаруға болатын шығар.

Арман Құдайберген, Алматы.

Тегтер: