14 Ақпан 13:51

Министр Ақтоты Райымқұлова қандай спорт түрімен айналысады?

Фото:

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің сүйікті спорт түрін атады.

Нұр-Сұлтан, NEGE. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев əр Жолдауында барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына ерекше ден қойып келеді. Жекелей алсақ, елімізде шаңғы спорт түрі жақсы дамуда. Қазіргі таңда елімізде шаңғы спортымен 60 мыңнан астам адам шұғылданады. Өңірлерде шаңғы биатлон трассалары салынуда. Соның дәлелі, елімізде қысқы спорт түрлерін дамыту және насихаттау мақсатында Ақмола облысының Щучинск қаласында республикалық шаңғы базасы ашылды. Ол шаңғы-биатлон трассасының заманауи базасы, онда шаңғы трамплиндерінің кешені, спорт залы, бассейн, медициналық қызмет көрсету корпусы бар. Одан бөлек, жуырда Ақтөбе қаласынд шаңғы биатлон трассасы пайдалануға берілді», – деді А. Райымқұлова елордада өткен шаңғы фестивалінің ашылу салтанатында.

Сондай-ақ, министр биыл өтетін спорттық іс-шаралардың дені Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құрметіне арналатынын тілге тиек етті. «Жыл санап спортқа құмар жандардың артып келе жатқаны қуантады. Бізде министрлік тарапынан бұқараның спортпен айналысуына жағдай жасайтын боламыз. Өз басыма келсем, менің сүйікті спортым ол жүзу, ал қысқы спорт түрінен әрине шаңғы тебу. Шаңғы тебумен оқушы күнімнен айналысып келемін. Осы орайда бүгінгі шаңғы фестиваліне қатысқалы тұрмын», – дейді ол. Айта кетсек, бүгін елордада әуесқой спортшылар арасында шаңғы фестивалі өтіп жатыр.

Тегтер: