1 Қазан 17:16

Линдердің өлімі: Аға бапкер Сергей Седов бұзақы ма?

Фото:

Қазақстандық БАҚ қыркүйектің соңында ауыр атлетика федерациясы жайлы ақпарат, материалдарды жиі жариялады. Нақтырақ айтсақ, марқұм Альберт Линдердің өлімі мен оның бауыры Семен Линдердің мәлімдемесі жаңалыққа жаны құмарлар үшін «азық» болды.

Бәрінен де, Семен Линдердің «Альберттің өліміне аға жаттықтырушы кінәлі» деп үзілді-кесілді айтқаны таңдандырды әрі таңқалдырды. ҚР Ауыр атлетика федерациясының ресми сайтында «Сергей Седов – Ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы» деп көрсетілген.  

Осыдан кейін аға жаттықтырушы жайлы ақпарат іздей бастадық. Тегін адам білдей бір федерацияның аға жаттықтырушысы бола қоймасы белгілі. Сөйтсек, Сергей ауыр атлетикадан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, тіпті, заманында 413 келіні көтеріп, рекорд орнатқан Владимир Седовтың туған бауыры екен. 

Бапкер бұған дейін де бір шулы оқиғаның астында қалған. Тіпті, Бостандық ауданының соты 2017 жылы Сергейдің үстінен бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғады. Сергей Владимирұлы ол кезде «мен тек қана қорғандым» деп ақталып шыққан. Ал бұл жолы жүк үлкен. Мәселенің анық-қанығын білмекке федерацияға арнайы хатпен бірнеше сауал жолдадық, жауап та келді. 

– Жуырда қайтыс болған ауыр атлет Альберт Линдердің бауыры құраманың аға бапкеріне кінә артып жатыр. Федерация сайтында ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Седов Сергей екені жазылған. Бұған дейін аталған азаматтың үстінен арызданғандар болды ма?

– Біріншіден, өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізгені үшін айыптау туралы мәселе ҚР қылмыстық құқығы заңнамасының шеңберінде қаралады. Біздің білуімізше, Алматы облысының полиция департаменті ауыр атлет Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Осыған байланысты Федерация тергеуге барлық қажетті қолдауды көрсетуге ниетті.

Сіздің сұрағыңыздың екінші бөлігіне қатысты, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысына қатысты спортшылар мен жаттықтырушылардан шағымдар болған жоқ.

Сондай-ақ, ҚР құрамасының бұрынғы мүшелері ҰҚК жаттықтырушылар штабынын айыптау ісін тергеу аясында Федерация құрамына сарапшылар мен спорт ардагерлері енген комиссия құруды бастағанын атап өткен жөн. Комиссия 2021 жылғы 28 қыркүйектен бастап мән-жайлар анықталғанға және қызметтік тексеру жөніндегі Тәуелсіз комиссия тиісті қорытынды шығарғанға дейін ҚР ерлер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Сергей Седовты қызметінен шеттету туралы шешім қабылдады.

– Осы оқиғадан кейін ауыр атлеттердің моральдық және психологиялық ахуалын жақсарту үшін қандай шара қолданасыздар?

– Иә, сөзсіз, Альберт Линдермен болған оқиға біздің ауыр атлетикалық отбасымыз үшін үлкен соққы болды. Қазір ұлттық құрамадағы көптеген спортшылар оны өте жақсы білетін, дос болған. Досынан, спорт әріптесінен айрылу себебінен барлығы қайғыға батып, қайғырды…

Біздің командада 2018-2019 жылғы жарыстар мен ОЖЖ-на барған психолог-консультант ретінде жұмыс тәжірибесі бар, біз бұл ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз.

– Әлеуметтік желіде де, кей спорт сарапшылары да «спортшылар кәсіби мансабын аяқтағаннан кейін тоқырауға ұшырап қалады, әлеуметтік көмек көрсетілмейді» деген сын айтылуда. Федерация ұлттық құрама сапында болып, мансабын аяқтаған спортшыларға әлеуметтік көмек көрсетіп, байланыс орнатып тұра ма?

– Федерация мансабын аяқтаған спортшыларды одан әрі жұмысқа орналастыруға мүмкіндігі жоқ екенін түсіну маңызды. Федерацияның міндеттері - елімізде спортты дамыту, жаттығу процесін ұйымдастыру, ұлттық құрама командаға қолдау көрсету, Халықаралық және Азия федерацияларында мүдделерімізді білдіру және т.б.

P.S: Жауап соңында «Көрсетілетін көмектің егжей-тегжейлі мысалдары туралы сіз біздің атқарушы директорымыздың берген сұхбатынан оқи аласыз» деп бір сілтеме қалдырыпты. Алдияр Жұмагелдіұлының сұхбатын оқып шықтық.

«Федерация көрсетіп жатқан қолдау мен жақсылықтар жайлы айтар болсақ бір сұхбат аздық етеді. Өкінішке қарай оны бәрі есінде сақтай бермейді, көбіне тек ренішін жалпақ жұртқа айтып жатады», – депті ҚР ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов.

Тегтер: