2 Сәуір 10:46

Қазақстанның үздік жас теннисшілері кімдер?

Фото:

Алматыдағы «Эйс» теннис орталығында теннистен Қазақстан жасөспірімдер чемпионатының финалистері анықталды.

Алматы, NEGE. Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, біріншіліктің өткен жылғы жеңімпазы Жанел Рүстемова жартылай финалда сағат жарымға созылған тартысты бәсекеде Еркежан Арыстанбековадан 7:6 (7:4), 6:4 есебімен басым түсті. Матчтан кейін Ж.Рүстемова ел чемпионатында екінші рет финалға өткеніне риза екендігін, ертеңгі ойында барын салатынын жеткізді. Финалға тағы бір жолдаманы Айя Нұпбай жеңіп алды. Ол Еркежанның сіңлісі Асылжан Арыстанбекованы 7:5, 0:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Бозбалалар арасында финалға алғашқы болып қарағандылық Арсланбек Айтқұлов шықты. Ол павлодарлық Илья Ведмедьті 6:4, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Елордалық Ислам Орынбасар жартылай финалда алматылық Жангер Алмашевті 6:4, 6:3 есебімен ұтты.

Жеңілген теннисшілер қола жүлде үшін кортқа шығады. Ертең сондай-ақ жұптық сында жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады. Қыздар арасында Еркежан мен Асылжан Арыстанбековалар елордалық Жанель Оспанова мен шымкенттік Әдемі Аманкелдімен чемпиондық атақты сарапқа салады. Бозбалалардан И.Орынбасар мен ақтаулық Даниал Рахматуллаев соңғы бәсекеде ақтөбелік Александр Черномаз бен қарағандылық А.Айтқұловпен кездеседі. Алматылықтар Елена Ким мен Мария Синицына – елордалық Ульяна Романова мен алматылық А.Нұпбай, қызылордалық Ерасыл Ерділда мен алматылық Даниил Фелькер – алматылықтар Ж.Алмашев пен Кирилл Колганов жұптары қола медаль үшін таласады.  

Тегтер: