10 Маусым 20:03

Қазақстандық теннисшілер тұңғыш рет Ролан Гаррос турнирінің финалына шықты

Фото:

Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің финалына шықты.

Алматы, NEGE. Қазақстандық жұп жартылай финалда испаниялықтар Пабло Андухар – Педро Мартинеспен күш сынасты.

Спорттық жолдарында 33 жастағы А.Голубев пен одан он жас кіші А.Бублик бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирлерінде жұптық сында осымен екінші рет жартылай финалда бақ сынады. Жеті жыл бұрын А.Голубев аустралиялық Сэм Гротпен бірге Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін жетіп, болашақ жеңімпаздар Жюльен Беннето мен Эдуард Роже-Вассленге 6:3, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді.

А.Бублик тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкинмен бірге 2020 жылғы Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалында болашақ чемпиондар, америкалық Раджив Рам мен ұлыбританиялық Джо Солсбериден 6:4, 3:6, 4:6 есебімен ұтылып қалған еді. Бұл жолы испаниялық жұп матчты қарқынды бастап, бірінші партияда бет қаратқан жоқ – 6:1. Екінші сетте есеп 4:4 болған мезетте қазақстандықтар брейк жасай білді.

Сосын А.Бублик допты өте сәтті берді – 6:4. Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болғанда, қазақстандық жұп брейк жасады. Ақыры А.Голубев матчқа доп бергенде, қазақстандықтар жеңісті жұлып алды – 6:4.

Тартысты бәсеке 1 сағат 44 минутқа созылды. Қазақстандықтар финалда Франция ашық чемпионатының 2-ракеткалары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль – Роберт Фарах немесе корт иелері Пьер-Юг Эрбер – Николя Маю жұптарының қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.

Тегтер: