12 Қазан 18:55

Қазақ спортының жан жарасы. Бапкерлер НЕГЕ «жарты құдай»?

Фото:

Соңғы уақытта елімізде спорттың жай-күйі оңып тұрған жоқ. Токио олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының «жетістігі» басқаларға қамшы бола ма десек, бара-бара қазақ спортының былығы көбейіп жатыр. 

Жуырда өзіне қол салған Альберт Линдердің өлімі әлі де жұмбақ. Белгілісі, оның өліміне спорттық мансабындағы кей факторлар әсер еткен. Бірақ, ол не? Альберт өзіне көрсетілген қысымды жалпақ жұртқа айтпастан, жер қойнына алып кетті. Ал, оның бауыры Семен «бәріне аға бапкер кінәлі» деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Енді 2018 жылы Буэнос Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында каноеде есуден чемпион атанған Диас Бахраддин «намаз оқығаным үшін басшылықтан қысым көрдім» деп шағымданып отыр. Қызылорданың тумасы облыс әкімі берген үйінен айырылып, оқуын тастап, мансабын Түркістан облысында жалғап жүргенге ұқсайды.

Спортшы «Қазақстаннан қолдау көрмесем, Түркияға кетемін» деп шешім қабылапты. Ондағысы «Түркия дінге жақын спортшыны жатсынбайды» деген үміт болуы мүмкін. Сонда мұны рухани қысым деуге бола ма?

Біраз уақыт бұрын сайтымызда Сансызбай Өкенұлының «Архимед бастаған әкімдер чемпион қызды НЕГЕ жылатты?» деген материалы жарияланды. Онда спортшы қыздың Ақтөбеге медальды қарша боратып, тұрмысқа шыққасын ешкімге керек болмай қалғаны айтылды. Бір өкініштісі, қайрат пен жігері мұқалмаған Айжан Ысмағұлова құндақтағы баласын көтеріп жүріп, талай біріншілікке қатысқан және жүлдесіз қайтпаған.

Осының бәрін көріп, бақылап отырған шенділер оған ел абыройын көтергені үшін сыйланған пәтерді қайтарып алды. Алайда біз көтерген мәселеден соң қоғамдық пікірден тайсақтаған әкім-қаралар спортшы қыздың пәтерін қайтарып беруге мәжбүр болды. Ендеше мұны неге тұрмыстық қысым демеске?!

Ең сорақысы, Аида Сатыбалдинованың бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бапкерлері жайлы айтқан мәлімдемесі тағы бір сеңді қозғады. Қазір АҚШ-та жаттығатын Сатыбалдиева «Қазақстандық қыздар бокспен айналысатын болса, ұлттық құрама сапында жүру үшін тек қыздарды жақсы көру керек», – деді. Ал енді мұны қысымның қай түрі дейміз?

P.S: Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлаова мұны білем ме? Спорт саласының басындағылар ол қызметте жеке бастың қамы емес, ел мүддесі үшін отырғанын естен шығармауы керек. Бапкерден – нәтиже, спортшыдан тек жеңіс талап етілуі керек емес пе?.. 

Тегтер: