12 Мамыр 10:20

Илья Ильин ауыр атлетика мектебін ашады

Фото:

  Спорттағы кәсіби мансабын аяқтаған Илья Ильин енді ауыр атлетика мектебін ашуды жоспарлайды, деп хабарлайды «Хабар 24». Қызылорда облысындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры қызметіне тағайындалған зілтемірші жігіт ізін жалғастырар ізбасар іздейді. 

Алматы, NEGE. Бұл – Ильяның Ресейдегі додада қоссайыс бойынша 437 келіні бағындырған рекордтық көрсеткіші. Серпи және жұлқи көтеруде алдына жан салмаған ол күллі қазақ елінің мақтанышына айналғаны рас. 9 жасында жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанған Илья – 13 жасында Қазақстан ауыр атлетикасы тарихында спорт шебері болған ең жас спортшы. 17 жасында ересектер арасындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Әлем және Қазақстан Республикасының ең үздік спортшысы, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанған апайтөс ұл мемлекеттік «Құрмет», «Барыс» және «Отан» ордендерімен марапатталған. Бірақ 2016 жылғы допинг дауы Ильяны Пекин және Лондон олимпиадасында олжалаған қос алтынынан айырды. Ауыр соққы болып тиген бұл жайт ауыратлет өмірінің астаң-кестеңін шығарды.    

Ауыр атлетикадан әлемнің 4 дүркін чемпионы Илья Ильин:" Әрине, іштей қатты қиналғаным рас. Жігерім құм, көз жасым көл болды. Бірақ мұнымен өмір тоқтап қалмайды деген тоқтамға келіп, спорт аренасына қайта жігерленіп ұмтылдым. Тоқтаусыз 2 жыл дайындалып, Азия және Токио олимпиадасында топ жаруды көздедім. Бірақ өкінішке орай пандемияға байланысты ірі жарыстар кейінге шегерілді. Қазір жаңадан өмір бастап жатырмын" деді. 

Тегтер: