8 Маусым 18:59

Ғұсман Қырғызбаев: Бүкіл Еуропа маған қарсы күресіп жатқандай болды

Фото:

Мажарстан астанасы Будапешт қаласында Дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Дүниежүзілік біріншілікке 133 елден 727 татами шебері барды. Қазақстанның Дзюдо Федерациясы құрама сапындағы 17 балуанды баптап, ел намысын қорғауға жіберді.

Сайыстың алғашқы күні ерлер арасындағы сында отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін жетті. Ақтық сында ресейлік дзюдошы Яго Абуладзеге есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Жанкүйерлердің дені «Ғұсманның алтын алуға мүмкіндігі бар еді, жеңісті қолдан беріп қойды» деп ренжіп, желіге пікір қалдырып жатыр.

Nege.kz тілшісіне мәселенің анық-қанығын Будапештте жүрген жүлдегердің өзі айтып берді.

– Ғұсман, күміс жүлде құтты болсын! «Күмістің өкініші қатты болады» деуші еді, көңіл-күйің қалай?

– Құттықтауларыңызға көп рахмет. Көңіл-күй жақсы деп айтуға болады. Финалда ресейлік балуанға есе жібергеннен кейін аздап өкініп те тұрмын. «Чемпион болсам» деген ойым болды. Күміс бұйырып тұр екен. Соған қанағат. Жалпы көңіл-күйім жаман емес.

– Үлкен спортқа, ұлттық құрамаға дейінгі Ғұсман жайлы бірер сөз айтсаң.

– Бұрынғы ОҚО, қазіргі Түркістан облысының тумасымын. Төле би ауданы, Диқанкөл ауылында туып, Ордабасы ауданының Темірлан елді-мекенінде өстім.

Ғ.Қырғызбаев пен Е.Сметов. Фото: olympic.kz

Мен бесінші сыныпқа көшкен жылы отбасымызбен Темірланға қоныс аудардық. Біз үш ағайындымыз, бір қарындасым мен Ғұмар атты сыңар бауырым бар. Ғұмар екеуміз де 5-сыныптан күреске қатыстық, бір салмақта өнер көрсеттік. Ауылдан басталған арман оңтүстік астанаға келгелі жақындай түсті. Қазір ұлттық құрама мүшесіміз. Мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түстім. Осылайша дзюдомен кәсіби түрде айналыса бастадым.

– Будапештегі бәсекеге тоқталсақ. Француздық балуан Валид Хярмен болған жекпе-жекте саған әділетсіздік жасалғандай болды. Төрешілер жоқ жерден ескерту беріп, жеңілді деп жариялап, оны қайта жоққа шығарды. Бұл өзіңе қарсы жасалған психологиялық шабуыл емес пе?

– Дәл осы кездесу мен үшін қиынға соқты. Өйткені ақтық сынға жолдама сарапқа салынды. Ал, Хиярға келсек, екеуміз татамиде 4 рет кездестік. Мен үш рет жеңіп, есепте алда келе жатырмын. Бейтаныс емес, қыр-сырын жақсы білемін. Қарсыластың шеберлігін көрдіңіздер, осал емес. Сарапшылар осы біріншіліктің фавориті болады деп болжаған Нагаяманы жеңген әзірбайжандық Карамат Гусейновты жолда қалдырды.

Мен сіздерге айтайын біздің салмақтың (60 келі) ерекшелігі – кімнің чемпион болатынын алдын ала айту қиын. Кім мықты дайындықпен келсе, сол финалға дейін барып, жүлдені қанжығалап кетеді.

Бір ел ғана емес бүкіл Еуропа намысын қорғауға шыққан Валидті қолдаушылардың болғанын жанкүйерлер көрді. Күрес барысында маған екі бірдей ескерту берілді. Оған мән бермей күресе бердім. Үшінші ескерту берген кезде мені жолдан қалдырғысы келіп жатқандарын түсіндім, өйткені ереже бұзбағаныма сенімдімін.

Байқасаңыздар жоғарыдағы төрешілерге «не болып жатыр» дегендей қарадым, ешқандай қобалжу, ұтылып қалдым деген қорқыныш болған жоқ. Қайта осы бір негізсіз ескерту мені шабыттандырды. Шидоны беріп, қайта алғаннан кейін менде атойлап жеңуден басқа амал қалған жоқ. Өйткені төрешілер сапындағы Еуропаның белді мамандары Хияр үшін тақым қысып отырды. Нәтижесін көрдіңіздер.

– Финалдық кездесу төңірегінде біраз әңгіме болып жатыр. Психологиялық дайындығыңа мін айтылып, жеңісті қолдан берді деген сын тағылуда. Оған не дейсің?

– Яго Абуладзе деген спортшымен үшінші мәрте кездесуім. Соңғы кездесуде мен жеңген едім. Будапеште жартылай финал мен финалдың арасында үзіліс болды. Қонақ үйге келіп, аздап тынығып алдық. Денедегі қызу басылып, бір жағы соңғы кездесуде жеңгеннен кейін «тағы да жеңемін» деген өзіме сенімділік болды.

Күрес тактикалық тұрғыда жақсы басталды. Шынын айту керек, өзім әліге дейін алғашқы ваза-ари (жартылай жеңіс ұпайы – ред.) не үшін берілгенін білмеймін. Татамиде де осыны ойлап тұрып, екінші ваза-ариге түсіп қалдым. Бұл соңғы жарыс емес, әлі де ел намысын қорғап, талай белесті бағындырамын деген ниетім бар.

– Абуладзе ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында «бапкерім әрі әкем Джумбер Абдуладзе мені жігерлендірді» депті. Сен неден шабыт аласың? Не жігерлендіреді?

– Мен шабытты тақым қысып отырған қазақ елінен, ата-анамнан, спортқа баулып, барын беріп жатқан ұстаздарымнан аламын. Шеберлігімді шыңдау үшін төгіліп жатқан тер мен еткен еңбегімді есіме алып, жігерленемін.  

Тегтер: